Қазақстанда тұру үшін шетелдіктер қай қалаларды таңдайды?

Қазақстанда тұру үшін шетелдіктер қай қалаларды таңдайды?

2024 жылы Қазақстанға сырттан келгендер саны 15,3%-ға артты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Статистика қандай?

2024 жылы Қазақстанға тұрақты тұруға 29 282 адам келсе, елден кеткендер саны 12 732 адамға жетті. Көші-қон сальдосы - 16 550 адам. Осылайша қатарынан екі жыл бойы сыртқы көші-қонның оң сальдосы байқалып келеді.

"2023 жылмен салыстырғанда Қазақстанға келгендер саны 15,3%-ға артты, ал сыртқа көшіп кеткендер саны 20,9%-ға азайды", - деп жазылған ақпаратта.

Қай елдің азаматтары көшіп келді?

Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен арада жүрген. Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан келгендердің үлесі 81,6% болса, осы елдерге кеткендердің үлесі 74,8% болды.

Басқа елдер ішінде көшіп келгендердің көпшілігі Қытайдан, Моңғолиядан және Түркиядан болған, ал басқа елге кеткендердің басым бөлігі Германия, Польша және АҚШ-қа кеткен.

Шетелден тұрақты тұру үшін келгендер негізінен Алматы қаласын (6 260 адам), сондай-ақ, Алматы (4 788) және Маңғыстау (3 680) облыстарын таңдаған. Керісінше сыртқа кеткендердің ең көп саны Солтүстік Қазақстан (2 133 адам), Қарағанды (1 588) және Шығыс Қазақстан (1 195) облыстарында тіркелген.

Ел ішіндегі ахуал

Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 2023 жылмен салыстырғанда 47,6%-ға өсті. Өңіраралық көші-қон бойынша еліміздің 4 өңірінде оң сальдо қалыптасып отыр, олар Астана (73 238 адам), Алматы (36 061 адам), Шымкент (9 361 адам) қалалары мен Алматы облысы (2639 адам).

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз