Қазақстанда түрмедегілерді тегін оқыту ұсынылды

Қазақстанда түрмедегілерді тегін оқыту ұсынылды
Фото: ©️Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан адамдарға жоғары оқу орындарына түсуге шектеулі квоталарды бөлу керек деген ұсыныс айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін уәкіл Үкіметке де сотталғандарға оқшаулау жағдайында жоғары білім алу мүмкіндігін беру керек деген идея айтты. 

"Жоғары білім алу - сотталғандарға бостандыққа шыққаннан кейін өз мүмкіндіктерін іске асыруға жол ашатын, сол арқылы қайта қылмыс жасау ықтималдығын азайтып, әлеуметтендіреуге арналған бағыттардың бірі. Сонымен қатар, мемлекеттің міндеті - сотталғандарды түзеу мекемесінен тыс өмірге дайындау", - дейді Артур Ластаев.

Биыл оқшаулау жағдайында жоғары білім алу жөніндегі пилоттық жоба Алматы қаласы мен Алматы облысындағы екі оқу орнының базасында жүзеге асыру жоспарланған.

Алайда сотталғандардың басым бөлігі оқу ақысын айтпағанда, залалды өтеу туралы талаптар бойынша қарыздарын өтей алмайды екен. Ал бакалавриат бағдарламалары бойынша оқудың орташа құны жылына 1,1 миллион теңгеден асады. 

Айта кетейік, 2023 жылы бас бостандығынан айырылған 28 500 адамның 59 пайызы (16 877) орта білімді, 24 пайызы (6 735) арнаулы орта білімді, 11 пайызы (3 135) жоғары білімді екені, 1 755 сотталған (6 пайыз) білім алмағаны анықталды. Сотталғандардың көпшілігі (14 618) - 15 пен 35 жас аралығындағы жастар.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова