Туризм және спорт министрлігі Қазақстанда туристерге арналған визит-орталықтар туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір еліміздің 13 өңірінде 28 визит-орталық жұмыс істейді, оның жетеуі ұлттық парктер аумағында орналасқан. Визит-орталықтар - заманауи, арнайы жабдықталған нысандар, олар негізгі курортты өңірлер мен табиғатты қорғау аймақтарында орналасқан. Бұл жерден туристер өңірдің басты көрікті жерлері, лицензияланған экскурсиялар, мәдени және спорттық іс-шаралар туралы толық ақпарат ала алады.
Визит-орталықтар не үшін қажет?
Визит-орталықтардың отандық туризмді дамытуда маңызы зор. Өйткені аталған орталықтар саяхатшылардың өңірмен алғаш байланыс орнататын орны саналады. Орталықтар туристерге жергілікті жерді бағдарлап, ең тиімді маршрутты таңдауға, белсенді демалыс пен мәдени іс-шаралар туралы білуге көмектеседі. Осылайша, қонақтарда жағымды әсер қалыптасып, қолайлы жағдай жасалып, олардың елімізге қайта оралуына ықпал етеді.
Қандай қызмет көрсетіледі?
Визит-орталықтарда көлік қатынасы, тамақтану және орналастыру орындары бойынша кеңес алуға, сондай-ақ туристік карталар мен басқа да ақпараттық материалдарды тегін пайдалануға болады. Кеңестер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде беріледі. Бұл орталықтың қызметін шетелдік туристер де еркін пайдалана алады.
Мұндай нысандар Алакөл, Бурабай, Балқаш, Баянауыл, Имантау-Шалқар және т.б. танымал туристік орындарда, сондай-ақ "Алтынемел", "Бурабай", "Баянауыл", "Көкшетау", "Сайрам-Өгем", "Шарын", "Іле-Алатауы" ұлттық парктерінде орналасқан. Визит-орталықтарды осылайша бөлу дәстүрлі демалыс орындарымен қатар экомаршруттарды да қамтуға мүмкіндік берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек