28 ақпан күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Ұлттық өнер факультетінің ашылу салтанаты өтті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру, «Жастар жылында» жас өнерпаз студенттерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған шара академия студенттері дайындаған мерекелік концертке ұласты.
Шараға Қазақстанның Халық әртісі Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Пернебек Момынов, Құрманғазы оркестрінің директоры Нұрғиса Дауешов, Отырар сазы оркестрінің көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева және Ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Көпшілікке академия тарихы мен жетістіктерін таныстырған мекеме басшысы Асхат Маемиров салтанатты жиынды алғысөзбен ашты.
– Қадірменді ағайын, құрметті қонақтар! Бүгінгі шараны біздің ұланғайыр мемлекетіміздің мәдени кеңістігінде, рухани өміріндегі ерекше бір елеулі оқиға деп ойлаймын! Мінекей, сіздер мен біздер болып, тұңғыш рет құрылған «Ұлттық өнер» факультетінің тұсауын кесіп отырмыз! Елімізге танымал ұлттық музыкалық өнерімізді, ұлттық мәдениетімізде, дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, шәкірттер тәрбиелеп жатыр. Біздің ұлт өнерге де, дәстүрге де өте бай. Осы орайда халқымыздың аса бай шығармашылық мұраларын әлемдік деңгейге шығарып, насихаттау үшін арнайы факультет ашып отырмыз. Бұл жерде студенттер ұлттық музыкамыздың інжу-маржандарымен, дәстүрлі өнердің озық үлгілерімен танысып, қажетті білім алады. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнерге қатысты заманауи жетістіктерді де терең зерделеп, өз білімдерін ғылыми негізде жүйелейтін болады. Міне, сонда балталаса бұзылмайтын мызғымас дәстүр мен өнердің негізі қаланады. Түптеп келгендегі мақсатымыз – бұрыннан бүгінге жеткен ұлттық өнердің түпкі мән-маңызы бұзылмай, бұрмаланбай сақталуын қамтамасыз ету және оны кеңінен насихаттау, - дейді академия басшысы.
Ұлттық өнер факультетінің құрамына «Дәстүрлі музыкалық өнер» және «Сәндік қолданбалы өнер» кафедралары кіреді. Академия басшылығының айтуынша, жаңа факультетті ашудағы негізгі себеп, білім сапасын арттыра отырып студенттердің ғылыми-теориялық дайындығын және орындаушылық шеберліктерін шыңдау. Студенттерге дәріс беретін оқытушылар құрамы да тәжірибелі кәсіби мамандардан, елімізге белгілі өнер майталмандарынан құралған. Атап айтсақ, Рамазан Стамғазиев, Пернебек Момынов, Сәуле Бапанова, Нұржан Жанпейісов, Талғат Мұқышев, Мұрат Әбуғазы, Естай Даубаев сияқты тұлғалар ұлттық өнерді студентке жан-жақты үйрету мақсатында қызмет атқарады.
Қазақ өнерінің жарық жұлдызы Сәкен Майғазиев шара барысында академия студенттерімен қосылып ән салды. Ал Рамазан Стамғазиев Ақан серінің өз домбырасымен серінің әнін орындады. Әрі қарай факультет студенттері мерекелік концертті қыздыра түсті. Назарларыңызға кеш барысында түсірілген суреттерді ұсынамыз.