Қазақстанда тіс емдеу қымбаттаған

Қазақстанда 2024 жылдың бірінші жартысында тіс емдеу 44,3 пайызға қымбаттай түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Сарапшылардың сөзінше, 2023 жылы бұл саладан 33,8 миллиард теңге түскен. Ал биыл 48,8 миллиард теңге ел пайдасына түскен. 

Ең көбі Алматыда - 12,4 миллиард теңге түскен, одан кейін Астанадан 11,8 миллиард түссе, үштікте Ақтөбе облысы - 2,3 миллиард теңге. 

"2024 жылдың тамыз айында былтырмен салыстырғанда тіс емдеу қызметтерінің құны 12,5 пайызға өсті. Атап айтқанда, тісті анестезиямен жұлу 17,4 пайызға, кариесті емдеу - 15,4 пайызға, тіс протездеу - 8,7 пайызға өскен.

Астанада тіс емдеу қымбат, мұнда стоматологиялық қызмет құны 29,6 пайызға өсті. Сондай-ақ Қарағанды облысында (+23,8 пайыз) және Қостанай облысында (+17,2 пайыз) тіс емдеу айтарлықтай қымбаттағаны байқалады. Батыс Қазақстан облысында бағалар өткен жылғы деңгейде қалған", - делінген материалда.

Еске салайық, бұған дейін Қызылордада тісін емдеймін деп мүгедек болып қалған бала жайлы жазған едік. 

Істің мән-жайын Жоғарғы сот өкілдері айтты. Қызылордалық тұрғын баласының тісі ауруына байланысты орталық қалалық емхананың балалар стоматологиясына барған. Тіс дәрігері баланы емдеп, тісін жұлып тастаған. Келесі күні баланың жақ сүйегі ісініп, жалпы денсаулығы нашарлай бастаған.

Кейін балаға облыстық көпсалалы аурухананың жақ-бет бөлімшесіндегілер "Сол жақ төменгі жақтың жедел іріңді одонтогенді флегмонасы, 7,5 тісін жұлғандағы жағдайы" диагнозын қойған. Осылайша, балаға екі рет ота жасалған.

Арада алты ай өткенде баланың жақ сүйегі қайтадан іси бастаған, іріңді жарасы жазылмай, олар Алматы қаласында ақылы негізде хирургиялық араласу арқылы ауруханада емделуге мәжбүр болған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!