25 мамырдан бастап Қазақстанда ресми тіркелмеген смартфондар бұғаттала бастайды. Қандай телефондар жұмысын тоқтатады және бұл жағдайдан қалай сақтануға болатынын Massaget.kz тілшісі анықтады.
Не болды?
24 наурызда Қазақстанда смартфондарға қатысты жаңа ереже күшіне енді. Енді барлық құрылғылар үш тізімнің біріне енеді:
Ақ тізім – тексеруден өтіп, ресми түрде тіркелген құрылғылар;
Сұр тізім – мәртебесі белгісіз смартфондар. Олар 30 күнге дейін желіде жұмыс істей алады, осы уақытта тексеру жүргізіледі;
Қара тізім – IMEI-коды дұрыс емес немесе жалған құрылғылар. Мұндай смартфондарға мәңгілікке байланыс өшіріледі. Бұл телефондарды 24 мамырға дейін тексеріп, тіркеуге болады.
Осы күннен кейін «қара» тізімдегі смартфондар Қазақстанның ұялы байланыс желілерінде жұмыс істемейтін болады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі:
"Егер сіз смартфонды қазақстандық маркетплейс арқылы сатып алсаңыз, құрылғыны сатушының өзі верификациядан өткізеді. Қазір платформалар тауар сипаттамасында IMEI-кодты көрсетуді қолға алуда. Бұл смартфонды төлем жасамай тұрып тексеруге мүмкіндік береді". "Ақ", "сұр" және "қара" тізімдер енгізілгені дистрибьюторлар жұмысына тыйым салу емес. Бұл жаңалық тек құрылғыларды тексеру және тіркеу процедурасына қатысты. Смартфон сатылымына шектеу қойылмайды. Егер құрылғылар верификациядан өтсе, бизнес өз жұмысын жалғастыра алады. Министрлік барлық сатып алушыларға IMEI-ді алдын ала тексеруге кеңес береді.
Бұл не үшін қажет?
Мақсат – көлеңкелі нарықпен күрес. Жаңа ережелер 24 наурыздан кейін елге әкелінген құрылғыларға қатысты. Қазақстанға осындай қанша смартфон кіргені әзірге белгісіз. Сатушыларға қоймадағы сатылмаған құрылғыларды 24 мамырға дейін тіркеуге уақыт берілді. 25 мамырдан кейін IMEI-ді тексеру және тіркеу сайты жұмысын жалғастыра береді, алайда дәл осы күннен бастап тіркелмеген смартфондар ұялы байланыстан ажыратыла бастайды.
Телефоныңыздың IMEI-кодын қалай тексеруге болады?
Қазақстанда арнайы сайт бар — imei.rfs.gov.kz
Онда сіз:
Құрылғыңыздың базаға тіркелген-тіркелмегенін;
Сіздің ЖСН-ге қанша нөмір тіркелгенін;
Сіздің IMEI-кодыңызға қанша нөмір тіркелгенін біле аласыз.
Ескерту: тек IMEI-кодтың алғашқы 14 саны ескеріледі.
IMEI-кодты қалай білуге болады?
Телефоныңыздан *#06# теріңіз — экранда IMEI шығады;
Android: Параметрлер → Телефон туралы → IMEI;
iPhone: Параметрлер → Негізгі → Бұл құрылғы туралы → IMEI;
Сонымен қатар IMEI-код құрылғы қорабында немесе кепілдік талонында көрсетілуі мүмкін. Егер батарея алынатын болса, код құрылғы ішіндегі жапсырмада болады.Тексеру бар болғаны бірнеше минут уақытыңызды алады, бірақ болашақта байланысты жоғалтудан сақтайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет