Қазақстанда тозған теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтеді

Көлік министрі Марат Қарабаев елімізде тозған 59 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгінде (күрделі жөндеуден өтуге тиіс) 59 темір жол вокзалын айқындадық. Оның төртеуі ғана яғни Түркістан, Қызылорда, Шымкент және Павлодардағы темір жол вокзалдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өкінішке қарай, қалғандарына мүлдем қаржы да бөлінбеген, жағдайы да төмен", - деді министр Сенаттың жалпы отырысында.

Марат Қарабаев мәселе әкімдіктермен бірлесіп шешілетінін жеткізді.

"Қазіргі таңда 59 темір жол вокзалын айқындадық. Жылдың соңында біз "бюджеттен (қаржы бөлу жағын) қарастырамыз ба?" деп отырмыз. Себебі, "Қазақстан темір жолы" АҚ өз қаржысын вагон, локоматив сатып алуға жұмсауда. Мұнда (темір жол вокзалының) ғимаратын (жөндеуді) республикалық бюджеттен, ал (темір жол вокзалының) ауласын (жөндеуді) жергілікті бюджеттен қаржыландырамыз деп әкімдіктермен келісіп жатырмыз. Алайда жобалық-сметалық құжаттаманы әкімдер дайындауда. Темір жол вокзалдарын жаңарту қызмет көрсету сапасының артуына ықпал етеді", - деді ол.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!