Қазақстанда төтенше жағдайлар үшін әмбебап бөлімшелер құрылады

Қазақстанда төтенше жағдайларға жедел дайындықты арттыру мақсатында Ақмола облысында пилоттық жоба аясында өрт сөндірушілерден, дәрігерлерден және құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімшелер құрылады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Материалдық-техникалық базаны нығайту аясында алғаш рет биік ғимараттарды сөндіруге арналған 2 өртке қарсы дрон сатып аламыз. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, сондай-ақ лизинг арқылы 728 бірлік арнайы техника мен 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алынады. Бұл техника алдымен аудандық бөлімшелерге бөлінеді", - деп атап өтті министр Шыңғыс Әрінов.

Сонымен қатар елімізде өрт сөндіру деполарының құрылысына жаңа стандарттар енгізілуде. Атап айтқанда, биылғы тамыз айынан бастап Астанада 3,5 ай ішінде тез салынатын құрылымдардан тұрғызылған жаңа өрт сөндіру бөлімшесі іске қосылды. Бұл тәжірибе барлық өңірлерде қолданылады деп жоспарланып отыр. Министрліктің дерегінше, Қазақстан бойынша 121 өрт сөндіру депосы қажет.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!