- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда төтенше жағдай...
Қазақстанда төтенше жағдай қайта енгізіле ме?
ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда төтенше жағдай режимін қайта енгізу туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
– Мұның барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Егер жағдай мұны қажет етсе,ол енгізіледі. Бірақ біз қазір Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаймыз деп үміттенеміз, өйткені әрбір азамат жаппай іс-шаралар ұйымдастырмай, қашықты сақтай отырып, маска тағып, халықты қорғауға бірлесіп атсалысады. Егер мұның бәрі жасалса, онда біз карантинсіз шығуымыз мүмкін, - деді Цой.
Министр елімізде коронавирус пандемиясына байланысты қалаларды жабу жоспарланып отырмағанын да айтты.
– Қазіргі таңда республика бойынша қалаларды (республикалық маңызы бар және облыстық деңгейдегі қалалар - ескерту) жабу жоспарланып отырған жоқ. Сондықтан өңірлердегі инфекция ошағында жеке жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Алексей Цой бүгінде шекарада қауіпсіздік талабы күшейгенін, онда жұмыс белсенді жүріп жатқанын айтты.
– Қазіргі мақсатымыз - шетелден келетін коронавирус инфекциясына қарсы тұру. Сондықтан автобекеттер, әуе тасымалына талапты күшейттік. Жолаушыларда ПТР-тест анықтамасы болу талабын енгіздік. Егер жолаушыда бұл анықтама болмаса, ол елге келген соң, 2 күнге оқшауланады. Оның ПТР-тесті теріс нәтиже көрсетсе, ол үйіне жіберіледі, - деді министр.
Сонымен қатар, ол бәрі елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты екенін айтты.
– Нұр-Сұлтан қаласы қосымша шектеу шараларын енгізіп жатыр. Бұл қаланы толық жабу емес, көліктер жүреді, дүкендер жұмыс істейді. Мұны түсіну өте маңызды. Егер біз ауру жұқтырғандар саны көбейгенін байқасақ, онда әрбір өңір жағдай тұрақталғанға дейін жеке әрекет етеді. Кейін жағдай дұрысталған соң карантин талабын жеңілдетеді, - деді Алексей Цой.
Айта кетейік, Қазақстанда 108 984 адам коронавирус жұқтырды. 104 346 науқас айықты, 1 768 адам қайтыс болды.
Н. Үсенова