Қазақстанның тағы бір азаматы коронавирус жұқтырды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Qazaqstan телеарнасындағы "Ашық алаң" бағдарламасының тікелей эфирінде айтты.
Инфекцияны жұқтырған Қазақстан аумағындағы төртінші науқас 13 наурызда Алматыға Германиядан ұшып келген. Қазір ол стационарда емделіп жатыр. Науқас – 1976 жылы туған Алматы қаласының тұрғыны.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Германиядан келген екі адамнан, Италиядан келген бір адамдан Covid-19 вирусы табылғанын мәлімдеген еді. Қазір Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны төртеуге жетті. Дертке шалдыққанның бәрі – Қазақстан азаматы.