Қазақстанда тоғыз айда заң бұзғаны үшін 21 судья жауапқа тартылды

Қазақстанда заңды өрескел бұзғаны үшін жауапқа тартылған судьялардың саны екі жарым есеге артты. Бұл туралы Сенаттың пленарлық отырысында Жоғарғы сот судьясы Нұрия Сисенова мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2024 жылдың тоғыз айында өрескел бұзушылықтар үшін 21 судья жауапқа тартылды. Өткен жылдың осы кезеңінде тек тоғыз судья ғана жауапқа тартылған еді. Бұл көрсеткіш екі жарым есеге артты. 1 қазаннан бастап жаңа механизмдер іске қосылады, жағдайды талдаймыз", - деді Нұрия Сисенова.

Сисенованың мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 300 судьяның орны бос тұр.

"Судьялар және сот жүйесі туралы" заңның 39-бабында судьялардың тәртіптік жауапкершілігі қарастырылған. 1 қазаннан бастап судьяларды сот ісін қарау кезінде жіберген әрбір өрескел бұзушылығы үшін жауапкершілікке тартудың жаңа механизмі енгізілді. Алайда судьялардың ерекше мәртебесі болғандықтан, оларды жауапкершілікке тарту үшін екі шарттың орындалуы қажет. Біріншіден, судьяның бұзушылықты өз адал еместігі мен салғырттығынан жібергені дәлелденуі тиіс. Екіншіден, бұл өрескел бұзушылық жоғарғы инстанцияның алқасы қол қойған құжатта көрсетілуі қажет", - деді Нұрия Сисенова. 

Айта кетейік, Сенат  "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!