Қазақстанда терроризмді насихаттаған 34 адам сотталды - ҰҚК

Фото: Видео кадры

Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері Қазақстанда терроризмді насихаттағаны үшін 34 адам сотталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотының шешімімен Ақтөбе облысының бір тұрғыны терроризмді насихаттағаны және атыс қаруын заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК тергеген қылмыстық іс шеңберінде ол айналасындағыларды лаңкестер жағында шетелдегі соғыс қимылдарына қатысуға шақырғаны, сонымен қатар, өзі де оларға қосылуды жоспарлағаны анықталды.

"Тінту барысында одан 2 автомат, 8 тапанша, 8 мылтық, 3 шолақ қару, жасырын тасымалданатын гарнитурасымен 6 радиостанция, 3 түтін шашкасы, 1 жарық гранатасы және 581 патрон табылды", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, Алматы облыстық сотының шешімімен Каскелең қаласының бір тұрғыны терроризмді насихаттағаны және террористік әрекеттерді ұйымдастыруға адамдарды тартқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

ҰҚК мәліметінше, ол Қазақстанда резонансты зорлық-зомбылық акциясын жасау үшін лаңкестік топ құруды жоспарлаған.

"Осы мақсатта басқа діндар адамдарға лаңкестік идеологияны қабылдатып, оларды өз қатарына тартуға әрекеттенген", - деп жазылған хабарламада.

Жыл басынан бері ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін әртүрлі мерзімге 34 адам, сондай-ақ, 2 шетел азаматы сотталған. Олар терроризмді насихаттағаны, діни араздық тудырғаны, тыйым салынған ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін кінәлі деп танылған.

Тағы 23 адамға қатысты тергеу жалғасып жатқаны белгілі болды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget