Қазақстанда темекі өнімдері қымбаттайды. Қаржы министрлігі темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеру көзделген бұйрық жобасын жариялады. Құжат "Ашық НҚА" порталында қолжетімді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жобада сүзгілі және сүзгісіз темекі, папирос, сондай-ақ, қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеру қарастырылады.
Қазір 20 данасы бар бір қорап темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы - 970 теңге. Қаржы министрлігі бұл шекті арттыруды ұсынып отыр. Бұйрық қабылданғаннан кейін темекі өнімдерін белгіленген бағадан арзанға сатуға тыйым салынады.
Қаржы министрлігі мәліметінше, ең төменгі бағаны көтеру темекі өнімдеріне қатысты салық және баға саясатын жүргізу үшін қажет. Сонымен қатар, бұл шара темекі тұтынуды азайтуға, бюджетке түсетін түсімді арттыруға және көлеңкелі экономика үлесін төмендетуге ықпал етпек.
Бұйрық 20 шілдеге дейін ашық талқылауда болады. Кейін құжат қабылданып, күшіне енуі мүмкін.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз