Павлодар облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті "КДВ Қазақстан" ЖШС-ге қатысты үстемдігін асыра пайдалану белгілері бойынша тергеуді бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Агенттік мәліметінше, компания қызметіне жүргізілген талдау нәтижесінде мекеме тауарларға әртүрлі баға қойғаны анықталған.
"Кондитерлік өнімдерді сату келісімшартына түрлі баға мен талап қолданған. Мұндай деректер антимонополиялық заңнама бұзылғанын көрсетуі мүмкін. Бұған дейін монополияға қарсы орган "КДВ Қазақстан" ЖШС-не қатысты анықталған заңбұзушылық белгілерін ерікті түрде жою туралы хабарлама жолдады. Ол орындалмаған соң тергеу жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында компания әрекетіне құқықтық баға берілмек.
Бұл компания туралы не белгілі?
KDV Group - тағамдар, кондитерлік өнімдер, тұздықтар және басқа да өнімдер шығаратын Ресейдегі ең ірі азық-түлік холдингтерінің бірі.
"КДВ Қазақстан" филиалы ("KDV Казахстан" ЖШС) "Яшкино", Babyfox, O'zera, Calve, Nina Farina және басқа да өнімдерді сатады.
Ресейлік KDV Group азық-түлік холдингін кәсіпкер Денис Штенгелов құрған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова