Қазақстанда тарифтердің бірі АЕК-ке байланысты болуы мүмкін

Қазақстанда тарифтердің бірі АЕК-ке байланысты болуы мүмкін

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заң жобасында тұрғын үйді ұстау тарифтерін айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланыстыру қарастырылып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қазір тұрғын үйді ұстау тарифтерін мәслихаттар бекітеді, алайда бұл процесс баяу жүреді. Тариф көтерілуі халықтың наразылығын тудыратыны белгілі, сондықтан өңірлік билік оларды қайта қарауды не кешіктіреді, не мүлдем қарастырмайды. Бұл көппәтерлі үйлерді күтіп ұстауды қиындатады.

"Басқарудан бөлек, тұрғын үй қорын сақтаудың маңызын түсінеміз. Сондықтан тарифті АЕК-ке байланыстыру мәселесін талқылап жатырмыз. Осылайша тариф автоматты түрде индекстеліп отырады", - деді депутат Мәжіліс отырысы кезінде.

Сонымен қатар, заң жобасында тарифті қалыптастыру кезінде тұрғын үй сапасын ескеру ұсынылып отыр. Тарифке үйдің салынған уақыты, техникалық жай болуы және басқа да сипаттамаларға байланысты коэффициенттер қосылмақ. Олар бастапқы минималды тарифке енгізіледі және тұрғындардың дауыс беруін қажет етпейді. Алайда қосымша қызметтер қажет болған жағдайда олар тұрғындардың жалпы дауыс беруімен бекітіледі.

Смышляеваның айтуынша, қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) саласындағы тариф қалыптастыру жүйесін жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз