Қазақстандағы базарларда танымал брендтердің контрафакт өнімдері сатылған

Қазақстандағы базарларда танымал брендтердің контрафакт өнімдері сатылған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қанша дерек тіркелді?

Әділет министрлігінің дерегіне сәйкес 2025 жылы тәркіленген контрафакт өнім көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 есеге артқан. 

"Мәселенің тағы бір алаңдатарлық қыры - шекара қауіпсіздігімен тығыз байланысы. Шекара қызметінің мәліметінше, жылдың алғашқы айының өзінде шекарада 3 026 құқықбұзушылық тіркелген", - деді ол.

Қандай өнімдер сатылған?

Депутат нақты дәлелдер келтірді. Қазақстан аумағына заңсыз әкелінген "Колгейт-Палмолив" (Colgate-Palmolive) маркалы контрафакт тіс пастасын сату дерегі анықталған. Өнімдер сыртқы тұрпаты жағынан түпнұсқаны қайталағанымен, қаптамасы мен таңбалануы ресми талаптарға сәйкес келмеген.

Алматы мен Шымкент қалаларындағы базарларда Бондюэль (Bonduelle) маркасымен сатылған консервіленген көкөністер арасында да жалған өнімдер тіркелген.

"Құрылыс материалдары, алкоголь өнімдері, құрғақ ашытқылар сынды тауар топтары бойынша да контрафакт тіркеліп отыр. Бұл өнімдер құжатсыз, міндетті таңбалаусыз және санитария-эпидемиология қорытындыларынсыз таратылып, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр", - деді ол.

Бұл өнімдер қайдан келіп жатыр?

Депутаттың пікірінше, ерекше алаңдаушылық туғызатыны - бұл өнімдердің едәуір бөлігі кеден және салық бақылауын айналып өтіп, әсіресе, Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасымен шекаралас учаскелер арқылы (соның ішінде "Қорғас" бағытымен) ел аумағына енуі. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!