Қазақстанда такси жүргізушілеріне талап қатаңдайды

Қазақстанда такси жүргізушілеріне талап қатаңдайды
Фото: depositphotos.com

Премьер-министр Олжас Бектенов жекеменшік такси қызметін реттеу бойынша бірқатар тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олжас Бектенов Үкімет отырысында такси агрегаторларының қызметін бақылауды күшейту, жүргізушілерді іріктеуге қойылатын талаптарды қатаңдату, жолаушылар тасымалын ретке келтіру бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

"Жолаушылар тасымалы ерекше назарда болуға тиіс. Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жоспарлы әрі жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бірінші кезекте әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізімін жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жеке компаниялардың платформаларымен интеграциялау жұмыстарын аяқтау қажет", - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, жұмысқа қабылдау кезінде жүргізушілерді іріктеу мәселесі де ерекше назарда болуға тиіс.

"Такси агрегаторлары жұмысқа тек тәжірибелі және жауапкершілігі жоғары адамдарды алуы керек. Жүргізуші куәлігінен айырылған немесе жол ережелерін жиі бұзған адамдар такси саласында жұмысқа қабылданбауға тиіс. Жолаушыларды тасымалдауға арналған көліктің техникалық жай-күйін де ескерген жөн. Такси жүргізушілері белгіленген жұмыс уақытынан артық жұмыс істеуіне жол бермеу қажет", - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру және жол апатын төмендету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Көлік министрлігіне "Атамекен" палатасымен бірлесіп, жекеменшік такси қызметін реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.

Ішкі істер министрлігіне заңсыз тасымалдаушыларды анықтауға бағытталған іс-шараларды тұрақты негізде жүргізу; мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, әрбір өңірдегі жол апаттарына тұрақты талдау жасау; жол апаты көп болатын учаскелерде қадағалауды күшейтіп, шаралар қабылдау тапсырылды.    

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget