Қазақстанда тағы үш моноқаланың коммуналдық желілері апатты жағдайда - Бозымбаев

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Tengrinews-ке берген сұхбатында кейбір аймақтардағы коммуналдық желілердің тозуы күрделі деңгейге жеткенін айтты. Оның сөзінше, еліміздің бірқатар өңірлерінде коммуналдық инфрақұрылымның тозуы 100 пайызға дейін жеткен. Әсіресе бұл мәселе Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында және Степногорск сияқты моноқалаларда аса өзекті болып тұр, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мысалы, Степногорскіде жағдай өте нашар. Қазір біз осы бағыттарда "жыртықты жамаумен" айналысып жатырмыз, апаттардың алдын алу үшін бюджеттен, тіпті жеке компанияларға да қаражат бөліп жатырмыз. Жылумен қамтамасыз ету және сумен жабдықтау жүйелерінде тәртіп орнату керек, әсіресе батыс аймақтарда. Тіпті еліміздің астанасындағы канализациялық-тазарту құрылыстары ескіріп кеткен", – деп атап өтті Бозымбаев.

Министрдің айтуынша, желілердің ағымдағы тозуы Екібастұздағыдай апаттарға әкелуі мүмкін. Оның пайымдауынша, апатты жағдайдың туындауына ескірген инфрақұрылым мен коммуналдық кәсіпорындарды қаржыландырудың жетіспеушілігі себеп.

"Жергілікті билік тарифтерді көтеруге рұқсат бермеді, бизнес өз қаражатын салғысы келмеді, өйткені бұл табыс әкелмейтін кәсіпорындар екенін түсінді", – деді Бозымбаев.

Осындай апаттардың алдын алу үшін, үкімет алдағы бес жыл ішінде коммуналдық желілерді жаңғыртуға шамамен 10 триллион теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. Бозымбаев бұл қаражаттың 4,5 триллион теңгесі энергетикалық және жылу компанияларының шикізат пен материал сатып алуына мүмкіндік беретінін айтады.

Еске салайық, Қанат Бозымбаев электр энергия секторын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет екенін бұған дейін де айтқан болатын. 

"Алдын ала бағалаулар бойынша ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Қаржыны тарту төрт көзден жоспарлануда: отандық және халықаралық қаржы институттары, екінші деңгейдегі банктер, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордың қаражаты, сондай-ақ энергетикалық объектілердің иелерінің есебінен", – деді Қанат Бозымбаев.
 
Ұлттық жобаның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Үкімет қаржы институттары мен бизнеске тиімді тарифтер деңгейіне, сонымен қатар қарыздар мен капиталды қайтаруға кепілдік беретін құжаттарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!