15 қарашадан бастап Ақтөбе – Қандыағаш республикалық тасжолының 89-шақырымы ақылы болды. Бұл жол бөлігі бұрыннан ақылы Қандыағаш – Мақат тасжолына қосылды. Осылайша ақылы жолдың жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "ҚазАвтоЖол" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жолдың 11-ші шақырымынан 87-ші шақырымына дейінгі аралықта барлық көлік түрінен ақы алынады. Ал қалған бөлігінде тек автобустар мен жүк көліктері төлейді. Жеңіл көліктер бұл аралықпен тегін жүре алады.
Жолақы көліктің түріне және төлемнің қашан жасалғанына байланысты есептеледі.
"Жеңіл көлікпен ақылы бөліктің басынан аяғына дейін бір бағытта жүру құны алдын ала төлегенде шамамен 240 теңге, ал сапардан кейін төлегенде 276 теңге болады", – деп хабарлады ұлттық компания.
Ақылы жол бойына көлік нөмірлерін автомат түрде тіркеп, жолақыны есептейтін 10 бақылау құрылғысы орнатылған.
"ҚазАвтоЖол" жолақыны алдын ала төлеу тиімді екенін еске салды. Ол үшін жүргізушілер kaztoll.kz сайты, банк қосымшалары немесе басқа да ресми төлем қызметтері арқылы көліктің есепшотына алдын ала ақша сала алады.
Ақылы жолға жақын орналасқан елді мекендер мен аудандарда тіркелген көлік иелеріне жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігі қарастырылған. Олар арнайы абонемент сатып ала алады.
"Жеңіл көліктерге арналған жылдық абонемент құны небәрі 1 АЕК, яғни 4325 теңге. Ал автобус пен жүк көліктерінің иелері көлік түріне қарай айлық немесе жылдық абонемент рәсімдей алады", – деп түсіндірді ұлттық компания.
Ақылы жолдардан түскен қаражат жолдарды күтіп ұстауға, жөндеуге және арнайы техника сатып алуға жұмсалады.
"ҚазАвтоЖол" жүргізушілерге сапарға шығар алдында көлік есепшотындағы қаражатты тексеріп, мүмкіндігінше жолақыны алдын ала төлеуге кеңес берді.
Бұған дейін жаңартылған Ақтөбе – Қандыағаш тасжолының ақылы болатыны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!