- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда тағы бір...
Қазақстанда тағы бір сала мамандарының жалақысы көтеріледі
Биыл қыркүйектен бастап ЖОО оқытушыларының жалақысы тағы да көтерілуі керек. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтерілді. Ол үшін Президенттің тапсырмасы бойынша 2021 жылы ПОҚ (профессорлық-оқытушылық құрам) жалақысының ең төменгі деңгейін белгілейтін бұйрыққа қол қойдым. Бұл бұйрық жалақыны бұрынғымен салыстырғанда көбейтуге мүмкіндік берді. Жоғары оқу орнына жаңадан келген оқытушыға 1 ставка үшін кемінде 200 мың теңге бекітілді. Ал профессордың жалақысының минималды деңгейі 350-400 мың теңге болды. Ал педагогикалық жүктеме деңгейі оқу жылына 680 сағаттан аспайтындай деңгейде бекіттік. Сондай-ақ университеттердегі шамадан тыс бюрократия мен тікелей міндетке жатпайтын біраз функцияларды алып тастадық", - деп жазды министр.
Сонымен қатар, Аймағамбетов студенттер мен докторанттардың шәкіртақысы өсті деді. Яғни докторанттарға берілетін стипендия 3 жыл ішінде 82 мыңнан 200 мыңға жуық сомаға дейін өскен.
Еске салайық, бұған дейін Нұр-Сұлтанда кітапханашылар, әлеуметтік қызметкерлер мен жергілікті полиция қызметкерлері жалақысы өскені хабарланған болатын. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді. Оның айтуынша, әлеуметтік мекемелер, медициналық-оңалту орталықтары, кітапхана және т.б. орындарда жұмыс істейтін, жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін көбейген.
С. Сатыбалдина