Қазақстанда тағы бір анықтама электронды форматқа ауыстырылмақ. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрлік уақытша еңбекке жарамсыздықты сараптау ережелеріне және уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама немесе парақ беру ережелеріне өзгерістер енгізді. Жаңа редакцияда құжаттарды электронды форматқа ауыстыруды оңтайландыру және автоматтандыру аясында аурухана парағының да электронды болуы мүмкін екені айтылған. Электронды аурухана парағы, қағаз түріндегі нұсқасы сияқты, адамның уақытша еңбекке жарамсыздығын растап, оның жұмысынан уақытша босатылуы және уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша жәрдемақы алу құқығын растайды.
"Уақытша еңбекке жарамсыздық парағы, уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама, аурулар, жарақаттар, улану және басқа да уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайлары, санаторий-курорттық мекемелерде емделу, ауырған отбасы мүшесіне күтім жасау қажеттілігі, карантин кезінде, стационарлық жағдайда протездеу кезінде, жүктілік және босану кезінде уақытша еңбекке жарамсыздық сараптамасының нәтижелері бойынша электронды құжат түрінде рәсімделеді", - делінген құжатта.
Анықтама Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұратын шетел азаматтарына беріледі.
"Мемлекеттік және заңмен қорғалатын басқа да құпия ақпаратты қамтитын тұлғаларға, сондай-ақ уақытша еңбекке жарамсыздық, жүктілік және босану бойынша жәрдемақыларды төлеу мақсатында уақытша еңбекке жарамсыздық парағы қағаз нұсқасында беріледі", - деп жазылған бұйрық жобасында.
Электронды аурухана парағын рәсімдеу және беру құқықтары медициналық қызмет көрсету лицензиясы бар ұйымдарға беріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрық жобасы 2025 жылдың 3 ақпанына дейін жария талқылауда болады. Оның толық мәтінімен мұнда танысуға болады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет