Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Президент Шымкентті еліміздің оңтүстік аймағындағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Қазір қалада Аризона штаты университетінің білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, Түркияның Гази университетінің филиалы жұмыс істеп жатыр.
Ақорданың баспасөз қызметі
«Бүгінде Қазақстанда үш ірі қала бар. Соның ішінде Астана мен Алматы еліміздің зияткерлік, ғылыми және мәдени орталығы болып саналады. Себебі бұл қалаларда Қазақстандағы жетекші ұлттық университеттер орналасқан. Ендігі кезекте Шымкент қаласын оңтүстік аймақтағы ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Әуезов университеті – өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны. Шымкенттегі әрбір бесінші студент осы университетте білім алады.
Ақорданың баспасөз қызметі
Ұлттық мәртебе университетпен қатар, құзырлы министрлікке де үлкен жауапкершілік жүктейді.
«Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс», – деді Президент.
Жаңа мәртебе білім ордасының ғылыми әлеуетін арттырып, Шымкентті өңірлік білім және ғылым орталығы ретінде дамытуға мүмкіндік береді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!