Қазақстанда тағы 18 заңға түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол жаңа Конституцияда бекітілген құндылықтар - әділдік, заң үстемдігі, адамға құрмет, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық жауапкершілік бүгінгі Қазақстанның ғана емес, ертеңгі ұрпақтың да басты негізі екенін айтты.
"Конституцияда алғаш рет ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дамыту мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекітілді. Бұл мәдениет енді тек рухани құндылық емес, қоғамдық тұтастықтың және елдің ұзақ мерзімді дамуының негізгі факторларының бірі ретінде танылғанын білдіреді", - деді Аида Балаева.
Сонымен қатар, Конституция талаптарына сәйкес келтіру мақсатында тағы 18 заңға түзетулер жасалып жатқаны айтылды.
Соның ішінде сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстар өткізу, волонтерлік қызметті қолдау, қайырымдылық, мәдениет, кинематография бойынша, сондай-ақ, Конституциядан тікелей туындайтын өзге де заңнамалық өзгерістер енгізілмек.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова