Қазақстанда ІТ-индустрия өкілдіктерінің кеңселерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр

Қазақстанда ІТ-индустрия өкілдіктерінің кеңселерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев TikTok және Netraсker компанияларының еліміздегі қызметімен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданың хабарлауынша, салық жеңілдіктері, визалық қолдау және басқа да қолайлы шарттардың нәтижесінде шетелдік компаниялар мен IT-мамандар Astana Hub экожүйесінің қатарына қосылып жатыр. Қазіргі кезде ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесе жүргізіп, жаңа өнімдер әзірлеу мақсатында елімізде Telegram, TON, Tether, Google, EPAM және басқа да әлемдік ІТ-индустрия өкілдіктерінің кеңселерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдерді тамашалады. Олардың арасында кен орындарының цифрлық телнұсқасы, дрондарды басқару және өндіріске арналған робот-ит секілді индустриялық шешімдер бар.

Президентке мемлекеттік қызмет көрсету барысында қолданылатын жасанды интеллект технологияларының үлгілері таныстырылды. Сондай-ақ AITU экожүйесінің мүмкіндіктері, Nazarbayev University жанынан құрылған Жасанды интеллект институтының (ISSAI) жобалары - KazLLM алғашқы қазақ тілі моделі мен SoyleApp көпфункционалды қосымшасы туралы баяндалды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан