Қазақстанда сыбайлас жемқорлық артқан, бірақ сотталғандар саны азайған

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық артқан, бірақ сотталғандар саны азайған
Фото: Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz

2022 жылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында елімізде 1,6 мың сыбайлас жемқорлық дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 11,1 пайызға артық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ranking.kz деректеріне сілтеме жасап. 

Өңірлер арасында сыбайлас жемқорлық дерегінің көбі Қарағанды облысында тіркелген. Яғни 207 жағдай, жылдық өсім 3 есе болған. Елорда (144 жағдай) мен Шымкент (129 жағдай,) антилидерлер үштігіне енген. Ең аз құқықбұзушылық жаңа құрылған облыстар Ұлытау (2 жағдай), Абай (9 жағдай) және Жетісуда (15 жағдай) тіркелген.

Қылмыстардың басым бөлігі, 1,1 мың жағдай ауыр дәрежеге жатқызылған. Сонымен қатар, ауырлығы орташа дәрежеде 342 жағдай, ауырлығы төмен 69 жағдай, аса ауыр 25 жағдай тіркелген.

Барлық сыбайлас жемқорлық қылмысының ішінде 28,7 пайызы пара беру дерегі ретінде тіркелген. Яғни 449 жағдай, былтырға қарағанда 8 пайызға аз.

Жиі жасалатын қылмыстар қатарында пара алу дерегі (424 жағдай, бір жылда 10,7 пайыз) және алаяқтық (280 жағдай, жылдық өсім 2 есе) болған. Одан кейін лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану (112 жағдай), сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету (98 жағдай) деректері тұр.

Ал сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотқа берілген адамдар саны жыл басынан бері 639 адам болған, бұл былтырмен салыстырғанда 13,5 пайызға аз.

Мемлекеттік органдар қызметшілерінің арасында сыбайлас жемқорлық қылмысын әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметшілері жиі жасаған, яғни 118 адам. Одан кейін Ішкі істер органдарының қызметкерлері (112 адам) және Қаржы министрлігінің қызметкерлері (39 адам) жасаған. Сондай-ақ, жыл басынан бері 5 әкім, 1 судья, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 7 қызметкері, прокуратура органдарының 2 қызметкерінің сыбайлас жемқорлық дерегіне қатысы болған.

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова