Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы қашан жойылады?

Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы қашан жойылады?
Фото: Midjourney

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов елімізде сұйытылған мұнай газ тапшылығы қашан жойылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай сұйытылған мұнай газ тапшылығы мәселесін шешуді жоспарлап отыр. Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында сұйытылған мұнай газ өндірісін іске қосу жоспарда бар. Нәтижесінде, Қашағаннан жылына 800 мың тонна сұйытылған мұнай газ, Қарашығанақтан шамамен 600-700 мың тонна сұйытылған мұнай газ өндіріледі. Осылайша, 2030 жылы (сұйытылған газ) тапшылығын жоямыз деп ойлаймын", - деді Әлібек Жамауов Мәжілістің жалпы отырысында.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның қай өңірлері газға әлі қол жеткізе алмай отырғанын жазған едік. 

Энергетика министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, 2023 жылғы қорытынды бойынша газ тартылу деңгейі - 60 пайыз.

Қазақстанда 12 миллион адам газға қол жеткізді. Демек, 8 миллионға жуық адам газсыз отыр.

"17 облыс пен қалаларда әртүрлі деңгейде газ қосылған. 3 облыс, яғни Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарына газ тартылмаған", - деп жазылған жауапта.

Алматы, Шымкент қалалары, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары салыстырмалы түрде газбен жоғары деңгейде қамтылған, 90 пайыздан асқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Есен