Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге қанша үй салынып жатыр?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарын жоюға және зардап шеккен азаматтарды қолдау шараларын жүзеге асыруға бағытталған жоспарлы жұмыстар жөнінде баяндаманы тыңдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, 30 770 отбасыға 100 АЕК көлемінде бірреттік төлем беру үшін 11 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген.

Зардап шеккен аймақ тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы, 15 103 тұрғын үй тексеріліп, 11 186 нысанды бағалау жұмыстары аяқталды.

Қазіргі таңда 432 отбасы бұзылған баспаналарының орнына жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Атап айтқанда, тұрғындарға Қостанай облысында 225, Ақмола облысында 83, Ақтөбе облысында 76, Солтүстік Қазақстан облысында 40, Қарағанды облысында 6, Павлодар облысында 2 баспана берілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына зардап шеккен азаматтар үшін 1 862 жаңа үй салынып жатқаны туралы мәлімет берілді. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында 394, Қостанай облысында 184, Атырау облысында 48, Ақтөбе облысында 494, Ақмола облысында 273, Солтүстік Қазақстан облысында 500, Павлодар облысында 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2947 отбасыға баспанасын жөндеу және қалпына келтіру үшін өтемақы төленді.

Олжас Бектенов зардап шеккен тұрғындарға аса қажетті дүние-мүлік сатып алу үшін 150 АЕК-ке дейін қосымша өтемақы төленіп жатқанын айтты. 4 115 отбасы жалпы сомасы 1 миллиард теңге көлемінде өтемақы алған. Сондай-ақ өлген малдың өтеуі үшін мемлекеттен бөлінген қаржылай көмектің көлемі 2,3 миллиард теңгеден асқан.

Бұдан бөлек, тасқыннан зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аймақтық комиссиялар тексеру жұмыстарының нәтижесіне сәйкес шағын және орта бизнес субъектілерінің 12 өтінімін қарастырып, мақұлдады. Оған жалпы сомасы 21 миллион теңге бөлінді.

Жалпы, шығынды өтеу және құжаттарды өткізу тәртібін білу үшін 1 432 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істеп тұр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Алдын ала бағалау бойынша су тасқынынан 731 бизнес субъектісі зардап шеккен.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз