Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов Қазақстанда су тасқыны қаупі сақталатынын айтып, адамдарды табиғаттың тосын мінезіне дайын болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстанда жылдық орташа температура кейінгі бірнеше жылмен салыстырғанда әдеттегіден жоғары болып тұр. Сондықтан біз бұған назар аударып, дайын болуымыз шарт. Мұндағы жағдайға көптеген фактор әсер етеді. Мысалы, қар қалай ериді, топырақ қандай болады, ол еріген қар суын сіңіре ала ма? Сонымен қатар, жер қатып, еріген қар суын топырақ сіңірмеуі мүмкін. Осылайша, тасқын қаупі бар учаскелерге су жайылады. Сондықтан (су тасқыны қаупі туралы - еск.) айту әлі ерте. Бірақ біз қолайсыз жағдайға дайын болуымыз шарт", - деді Сырым Шәріпханов Үкіметтің баспасөз орталығында.
Сондай-ақ, министр биыл Қазақстанда күн жылы болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Қазгидромет" РМК болжамынша, еліміздің көптеген өңірінде қаңтар және ақпанда ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жоғары болады. Жауын шашын мөлшері де нормадан көп түседі деген болжам бар. Бұл ретте 5 өңірде қар жауу деңгейі 70 пайызға дейін, 12 өңірде 90 пайыздан астам болуы мүмкін. Осыған байланысты оңтүстік өңірлерде былтырғы ақпанда болған су тасқынын ескере отырып, ал солтүстік өңірлерде желтоқсанда (7-ден 15-ке дейін) температура күрт төмендеуіне және қар жаумауына байланысты топырақ қатуы ықтималдығы бар. Сондықтан осы өңірлер қазірдің өзінде жоғары дайындық режиміне өтуі керек", - деді министр Үкімет отырысында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!