ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБМ) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің мәліметінше, елімізде 380 студенттік жатақхана жұмыс істейді. Қыркүйек айының басындағы дерекке сәйкес, жоғары оқу орындарының студенттеріне орын тапшылығы 23,7 мың, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) ресми есептерінде тек 2022/2023 оқу жылындағы статистика бар. Онда жатақханада тұруы тиіс 118,1 мың студенттің 73,1 мыңы ғана орын алғаны көрсетілген. Студенттік жатақханаларда төсек-орынға үміткерлер 45 мыңға жуық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Тисті ведомство мен ҚР СЖРА ҰСБ деректеріндегі осындай үлкен айырмашылық кезекте тұрған студенттердің бір бөлігінің биыл жеке хостелдерге орналастырылуымен түсіндіріледі. Оңтүстік астанада университеттер 59 шағын қонақ үйдің басшылығымен студенттерді орналастыру туралы келісім жасады. Бұл туралы ҚР ҒЖБМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлімдеді.
Ресми статистиканы қарастырсақ, Алматыда студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі ерекше өткір. Былтыр жалпы қажеттілігінің 45 мыңнан үштен бірі - 12,7 мыңға жуығы Қазақстанның ірі мегаполисіне тиесілі болды. Бұл ең алдымен Алматыда ең көп жоғары оқу орындары (39) орналасқандығымен және басқа өңірлермен салыстырғанда мұнда ең көп студент (177,6 мың адам) оқитындығымен түсіндіріледі. Кампустардағы орын тапшылығы бойынша екінші орынды Астана алады, былтыр кезекте 11,1 мың адам тұрды. Үшінші орында Шымкент, онда 7,3 мың орынға мұқтаждық бар.
Егер соңғы бірнеше жылда студенттік жатақханаларға деген қажеттілік динамикасын қарастыратын болсақ, 2017 жылдан 2022 жылға дейін кампуста тұратын студенттер саны 7,3 пайыз, 68,1 мыңнан 73,1 мың адамға дейін өскенін атап өтуге болады. Әрине, бұл оң үрдіс. Дегенмен, мұны жатақханаға мұқтаж студенттердің санымен бірге қарастыру керек. Өйткені қажеттілік те 20,3 пайыздан 38,1 пайыз-ға дейін өсті.
Қазақстанда негізінен басқа қаладан келген студенттер көп. Егер 2017 жылы туған қаласынан мамандық алу үшін кеткен жастардың саны 202,9 мың болса, былтыр қыркүйекте олардың саны 295,1 мыңға жетті, тиісінше жатақханада тұрғысы келетіндер де көп болды: осы жылдардағы өсім 38,2 пайыз. Абсолютті санда бұл 32,6 мың адамға көбейген деген сөз.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі еліміздің түрлі өңірінде жатақханалардың жаңа корпустарының ашылуы туралы жаңалықтарды үнемі жариялап отырады. Бірнеше жыл бұрын елде МЖС аясында студенттік жатақханалар салу бағдарламасы жұмыс істей бастады, енді ол өз нәтижелерін беруде. Бірақ жергілікті жерлердегі сұранысқа қарайтын болсақ, бағдарламаға мемлекеттік ЖОО белсенді қатысса, жеке меншік оқу орындарында мәселе баяу шешіліп жатыр. Жатақханада тұруға ниет білдірген, бірақ әлі орын алмаған 45 мың студенттің 81,3 пайызы жеке меншік ЖОО студенттері.
"Біз қазір демографиялық мәселені көріп отырмыз. Бұл туудың өсуіне байланысты (20 жыл бұрын), студенттердің саны есептелген инфрақұрылымнан көп болып кетті. Сондықтан, келесі жылы тағы бірнеше жатақхана ашсақ та тапшылық болады", - деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің жастар жөніндегі кеңесшісі, Жастар ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айсұлу Ерниязова.
Студенттік омбудсмен сонымен қатар статистика қоныстану туралы барлық өтініштерді, тіпті қалай да орналасу мәселесін шешкендерді де ескеретініне назар аударады. Ерниязованың айтуынша, студенттермен қарым-қатынас тәжірибесі көрсеткендей, жоғары курс студенттері көбіне жатақханада тұрғысы келмейді. Екінші немесе үшінші курста студенттер топтасып, жатақхана құнымен бірдей болатындай пәтер жалдай бастайды немесе басқа нұсқаларды қарастырады.
Бағаға келер болсақ, студенттердің тұру құны бойынша деректерін салыстыра отырып, студенттік жатақханалар ең арзан нұсқа болып қала беретінін атап өтуге болады. ҚР ҒЖБМ мәліметінше, биыл кампустағы төсек-орын үшін айлық төлем 3 мыңнан 20 мыңға дейін өзгереді. Студенттік хостелде тұру қымбатырақ: 30–60 мың теңгеге дейін. Жоғары оқу орындарымен студенттерді орналастыру туралы шарт жасасқан осындай жеке шағын қонақ үйлерге қауіпсіздік, санитарлық жағдайлар, жарақтандыру бойынша талаптар қойылады.
Студенттерге арналған тұрғын үй мәселесін шешудің тәуелсіз нұсқасы кез-келген жағдайда қымбатқа түседі. Мұны еліміздегі студенттер қалалары - Алматы мен Астанадағы онлайн-хабарландыру алаңдарының мониторингі көрсетті. Мегаполистердегі жеке жатақханада төсек-орынды 25–55 мың теңгеге, жеке бөлмені айына 30–80 мың теңгеге жалға алуға болады. Көршілермен ас үйді, жуынатын бөлмені және дәретхананы бөліспеу үшін кейбір студенттер бір бөлмелі пәтерді бірге жалға алады. Астанада мұндай пәтерлерді жалға алу 40 мыңнан 160 мың теңгеге дейін, Алматыда айына 50 мыңнан 200 мың теңгеге дейін. Алайда, бұл бағаның жоғарғы шегі жоқ. Алматы тұрғын үйін жалға беру нарығын зерделеу кезінде айына 500 мың теңгеге де жетуі мүмкін.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!