Қазақстанда стартапты сәтті бастауға сеп болатын 5 лайфхак

Назарбаев университетінің сарапшылары қазақстандық талантты жастарға өз кәсібін ашудың жолы мен стартаптың дәстүрлі бизнестен айырмашылығы жайлы кеңестерін ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Nazarbayev University Risk-taking Synergy (NURIS) бизнес-инкубаторының инновациялық кластері сарапшылары жаңадан стартап бастаушыларға басты 5 кеңес береді. Ал бұл бағдарлама бастапқы сатыдағы бизнес-идеялар мен стартап жобаларды қолдайды. Қазақстандық талантты жастардың ойындағы идеясын шын кәсіпке айналдыруына көмегін тигізеді. Бұл жайында осы сілтемені басып, толық біле аласыз.

Идея

Тамаша стартапты бастап кету үшін идея жетерлік. Бірақ оны біреу ойлап жүзеге асырып қойған болар, болмаса Indiegogo немесе Kickstarter (шығармашылық жобаларды қоғам болып қаржыландыруға сеп болатын сайттар) арқылы ақшасын да жинап үлгерген шығар деген сұрақтар ойды орап кетуі мүмкін. Сондықтан жастарға бірінші айтылатын кеңес: трендтегі технология мен инновацияны назарда ұстау керек.

"Қоғамда қандай проблемалар барын бақылап әрі саралау керек. Оны тексеру үшін, мұндай проблема шынымен бар ма, оның шешімі үшін аудитория ақы төлей ме, ол үшін проблемалық сұхбат жасаудың сәті келді деген секілді сұрақтарға жауап табу маңызды. Бұған Customer development әдістемесі көмектеседі. Ол Роберт Фицпатриктің кітабында түсінікті жазылған, сондай-ақ интернеттен көптеген материал табуға болады", - дейді сарапшылар.

Команда

Жұмыстың бәрін өзің жасау өте қиын. Өзің жасар болсаң, көп уақыт алады. Стартаптар тез басталу керек. Себебі бәсекелестер де қарап отырмайтыны белгілі. Команда болып дамыту қажет.

Команданың мықты болуы стартаптың алға жылжуына керемет серпін береді. Команда ішінде ерекше ойлайтын, тың идеяларымен қуантатын жандардың болуы, тіпті ғажап. Бала кезден бірге өскен досыңның өзі мұндайда серіктес болмауы мүмкін. Команда мүшелерінің мінезі мен қарым-қатынасы да маңызды", - дейді NURIS сарапшылары.

Стартапты қолдаушы инвесторлар идеяға ғана емес, командаға да қарайды. Себебі мықты команда кез келген жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыра алады. Ал әлсіз команда ең мықты деген идеяның өзін жүзеге асыра алмай қалуы мүмкін. Идея – ештеңе емес, орындау – маңызды.

Инвестиция

Ең жақсы инвестиция – ол тұтынушылардың саған төлеген ақшасы. Бастапқы кезеңде бұл алдын-ала сату болуы мүмкін, яғни сіз кейінірек ұсынатын өнім немесе қызмет үшін алдын-ала төлем. Сатуды бастапқы шығынсыз бастау мүмкін емес, сондықтан грант немесе кәсіпті жаңа бастағандарды қолдайтын бағдарламалар іздеген абзал.

"Стартапты бастапқы кезеңде қолдайтын бағдарламалар  NURIS бизнес-инкубациясында бар. Ең үздігі, тұрақты өсу динамикасы бары 2 миллионға дейінгі pre-seed қаржыландыруына ие болады. Сондай-ақ бағдарламаға демеушілік жасайтын Shell Kazakhstan-нан 1 миллионға дейінгі ақшалай сыйақы алады", - дейді бизнес-инкубатор мамандары.

Қазіргі таңда 15 жоба NURIS арқылы қаржылай қолдауға ие болған.

Өзгелерден үздік болу

Стартапты бастаушылар өзгелерден үздік болу керек. Егер стартапты медицина саласы бойынша ашқың келсе, онда сол сала бойынша хабарың болуы қажет. Егер сіз студенттерге оқуға көмектесетін қосымшаны жасағыңыз келсе, кем дегенде бағдарламалау тілдерін білетін студент болуыңыз керек, - дейді сарапшылар. Одан өзге жас кәсіпкер нарықтан да хабардар болуы тиіс.

"Сіз команданы жинадыңыз. Бастағалы тұрған стартап нарықта сұранысқа ие және аудитория да белгілі. Онда қалғаны – табанды еңбек пен сенім. Стартаптар тек бүкіл команда үшін ғана емес, жалпы нарық үшін де жаңа нәрсе екенін түсіну керек, ал жаңа дүниені бәрі тез қабылдай қоймайды. Стартапта күн сайын қиындық болуы мүмкін, оны дәл уақытында шешіп отыру керек. Тағы бір айта кететіні, қиын сәтте қолды бір сілтеп кетуге болмайды, - дейді сарапшылар.

Жаңадан стартапты бастаушыларға бесінші кеңес – стартап жобалар жайлы іс-шаралар мен кәсіпкерлік туралы семинарларға белсене қатысу. Мысалы, NURIS ивент ұйымдастыруына қатысып, онда таныстықты арттыруға және өз идеяңды ортаға салып талқылауға болады. Бұл жаңадан келгендер үшін өз бағытын анықтауға зор септігін тигізеді.

Стартап – бұл үлкен бизнес жүйені қалыптастыруға сеп болатын уақытша ұйым десе де болады. Уақытша дейтіні, себебі кез келген стартаптың мақсаты – компания деңгейіне көтерілу.

Стартап ұсынатын қызмет немесе тауар тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруы керек. Бұл шешімді жеке қабылдауға немесе компанияға жүктейтін дәстүрлі жүйеден осылай ерекшеленеді. Сонымен қатар, стартаптар белгілі бір қаламен немесе елмен ғана шектелмеуі керек.