• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмекші. Бұл туралы Мәжілістегі кулуарда депутат Абзал Құспан мәлімдеді. Оның айтуынша, жұмыс тобы бұл норманы мақұлдап, енді заң жобасын екінші оқылымға шығаруды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз Қылмыстық, Қылмыстық-атқару және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерді оңтайландыру туралы заң жобасына осы норманы енгіздік, оны жұмыс тобы қабылдады. Арнайы бап - сталкинг қылмыстық құқықбұзушылық ретінде қарастырылған. Бұл норма заң жобасына енгізілді, депутаттар тарапынан бастамашылық жасалды. Құжатты келесі немесе одан кейінгі аптада Палата қарауына екінші оқылымға шығаруды жоспарлап отырмыз", - деді депутат.

Мәжілісменнің айтуынша, аталған құқықбұзушылық үшін айыппұл салу түрінде жаза қарастырылған.

"Біздің мақсатымыз барлығын жаппай жазалау емес, екінші оқылым әлі өтпеді. Сондықтан айыппұлдың нақты мөлшері туралы айту қиын. Себебі ол пленарлық отырыста көбейтілуі немесе азайтылуы мүмкін. Дегенмен бұл норманың енгізілуі аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында жасалып отыр", - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ журналистер депутаттан неге сталкингке қатысты қатаңырақ санкциялар қарастырылмағанын сұрады.

"Оның қажеті қандай? Бұл норманы енгізу кезінде біз өте сақтықпен қарауымыз керек. Қылмыстық кодекске жаңа нормаларды енгізу кезінде құқық қолдану тәжірибесін, тергеу және сот тәжірибесін мұқият зерттеу қажет. Егер зерттеу мен талдау нәтижелері көрсетсе, санкцияларды қатаңдату жағын да қарастыруға болады", - деді депутат.

Сталкинг - адамның жеке өміріне шамадан тыс және жағымсыз араласу түріндегі қудалау. Ол аңду, қорқыту, бопсалау, қажетсіз қоңыраулар мен хабарламалар жіберу, жәбірленушінің маңында жиі көріну немесе оның жеке өміріне заңсыз араласу сияқты әрекеттерді қамтуы мүмкін.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget