Қазақстанда қанша сотталған адам жұмыс істейді, олардың жалақысы қанша? Massaget.kz тілшісі анықтады.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ресми жауабына сүйенсек, қазір Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталған 12 528 адам жұмысқа орналастырылған.
ҚАЖК мәліметінше, сотталғандар мекеменің өнеркәсіптік аумағына жұмысқа тұрады:
Қауіпсіздігі аралас мекемелерде жазасын өтеп жүргендер шаруашылық қызмет көрсетеді, яғни жинау, тамақ дайындау, тамақ тарату және жөндеу жұмыстарымен айналысады.
Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жүргендер мекемеден тыс жерлерде жұмыс істеуге құқығы бар.
ҚАЖК жауабына сүйенсек, сотталғандардың жалақысын жұмыс беруші шешеді.
"Сотталғандардың еңбекақысының сомасы белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінде және одан жоғары", - деп жазылған жауапта.
Айта кетейік, 2024 жылғы ең төменгі жалақы мөлшері - 85 мың теңге.
Ал бұған дейін ҚАЖК өкілі қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындарына немесе бизнес иелеріне жұмысқа тұрған бір сотталушының орташа жалақысы 25 мыңнан 200 мың теңгеге дейін жететінін айтты.
Еске салайық, бұған дейін 24 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев колонияда бос жұмыс орны болмауына байланысты жұмыс істемей жүргені хабарланды. Ал ҚАЖК төрағасы Теңізжан Жәнібеков бұрынғы ұлттық экономика министрі "Еңбек" РМК-ға ағаш және металл өңдеу саласы бойынша жұмысқа орналаса алатынын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!