Қазақстанда смартфонды қалай верификациядан өткізуге болады? Нұсқаулық

Қазақстанда смартфонды қалай верификациядан өткізуге болады? Нұсқаулық
Фото: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев

Шетелден iPhone 18 сатып алып, Қазақстанда тіркей алмай жүргендерге енді бұл қызмет eGov Mobile қосымшасында қолжетімді. Қазақстанда смартфондарды верификациялау қызметі мемлекеттік порталға көшірілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бұған дейін азаматтардың шағымы әлеуметтік желіде пайда болды. Жаңа iPhone 18 смартфонын Қазақстаннан тыс жерден сатып алғандар елге оралған соң міндетті IMEI верификациядан өтпек болғанын, алайда оны істей алмағанын айтты.

Міндетті IMEI верификация - телефон ресми түрде әкелінгенін және оператор желісінде қолданылатынын растау үшін мобильді құрылғының бірегей сәйкестендіру нөмірін (IMEI) тексеру.

Кейінірек Қазақстанда мобильді құрылғылардың IMEI верификациясымен айналысатын ATS Mediafon KZ мекемесі өкілдері жағдайға пікір білдірді. Компания iPhone 18 верификациясы уақытша шектелгенін растады. Бұл жүйені техникалық баптау жұмыстарына байланысты болды.

Себебі жеке тұлғалар өтініш берген кезде күмәнді жағдайлар анықталған. Мамандардың сөзінше, қауіпсіздік мониторингі кезінде үшінші тұлғалар азаматтардың жеке дерегі мен ЭЦҚ-сын олардың келісімінсіз пайдаланғаны тіркелген.

Не өзгерді?

Енді IMEI-ді верификациялауға өтінішті eGov Mobile қосымшасы және portal.imei.gov.kz порталы арқылы беруге болады. Бұрынғыдай басқа ресурстардан өз бетінше қосымша құжат жинаудың қажеті жоқ.

Қажет мәлімет, соның ішінде мемлекеттік шекараны кесіп өткені туралы ақпарат мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде алынады.

eGov Mobile арқылы өтініш беру үшін:

  • авторизациядан өтіңіз;
  • басты беттегі "Танымал қызметтер" бөлімінен "IMEI-ді верификациялауға өтініш" қызметін таңдаңыз;
  • жеке деректі жинауға және өңдеуге келісім беріңіз немесе 1414 нөмірінен келген SMS хабарлама арқылы бас тартыңыз;
  • eGov (Digital ID) сервисі арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтіңіз;
  • жүйені пайдалану шарттарымен танысып, қажет өтініш нұсқаларын таңдаңыз.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget