Қазақстанда смартфондардың 6 пайызы ғана 5G интернетке қосыла алады

Қазақстанда смартфондардың 6 пайызы ғана 5G интернетке қосыла алады
Фото: © elements.envato.com

Биылғы қарашаның қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең танымал ұялы телефон Samsung смартфондары болып шықты. Бұл деректі Statcounter GlobalStats келтірген. Олардың үлесі нарықта 35,6 пайыз болады, былтырмен салыстырғанда біршама төмендеген (39,9 пайыз болған). Негізгі бәсекелес Apple-дің үлесі, керісінше, 21,1 пайыздан 24,1 пайызға дейін өскен. Үздік үштікті қытайлық Xiaomi бренді аяқтайды. Оның бір жылдағы үлесі 15,9 пайыздан 19,4 пайызға дейін өскен, - деп хабарлайды Finprom.kz.

Қазақстанда бес танымал телефонның екеуі - Қытай брендтерінің өндірісі. Xiaomi-ден басқа, қазақстандықтар арасында OPPO (9,4 пайыз), Huawei (4,6 пайыз), Vivo (3,9 пайыз), Realme (1 пайыз) және OnePlus (0,4 пайыз) смартфондары да танымал. Сонымен қатар, бір кездері танымал болған LG нарықтың тек 0,2 пайызын алып отыр.

Смартфондар бүгінде өмірдің ажырамас бөлігі болып үлгерген. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 1000 адамға шаққанда 767 ұялы телефон болған. Ал 2012 жылы 1000 адамға тек 579 телефон болған. Былтыр қалалық жерлерде 1000 адамға шаққанда 795 ұялы телефон болса, ауылдық жерлерде 726 телефон болған.

Цифрлық теңдікке қол жеткізуде мобильді интернеттің қолжетімділігі мен қамту деңгейі маңызды роль атқарады. International Telecommunication Union мәліметтері бойынша, 2020 жылы ҚР халқын мобильді интернетпен қамту деңгейі 98 пайыз болған, оның 81 пайызы 4G желісіне тиесілі. 2014 жылы 4G мобильді интернетпен халықты қамту деңгейі 43 пайыз болған еді.

Ал 5G-ді қосу үшін осы опцияны қолдайтын тиісті смартфон қажет, ал мұндай смартфондар арзан емес. Қазақстандық дүкендерде 5G қолдайтын құрылғылардың құны 100 мың теңгеден басталады, бұлар - қытайлық брендтердің маркалары. 5G қолдайтын қымбат смартфондар 250 мың теңгеден басталады, ал флагман модельдер әлдеқайда қымбат.

Мұны ұялы байланыс абоненттерінің саны бойынша көшбасшы Beeline Kazakhstan деректері де растайды. Мәселен, Қазақстандағы Beeline абоненттерінің тек 6 пайызында 5G желісіне келетін телефон бар. Өңірлер арасында көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Жетісу, Қызылорда және Жамбыл облыстарында 4 пайыздан Алматы облысы мен Алматы қаласының абоненттерінде 11 пайызға дейін өзгереді.

5G қолдайтын телефон брендтері бойынша 57 пайыз Apple-ге, 22 пайыз Samsung модельдеріне, 10 пайызы Xiaomi-ге, 11 пайызы басқа брендтерге тиесілі.

Сонымен қатар, 18 елдегі 31,6 мың респонденттің сауалнамасына негізделген Deloitte зерттеуіне сәйкес, жаңа смартфон сатып алар кезде азаматтар телефонның 5G-ге қосылатынына мән бермейді екен. Сатып алушылар жаңа телефонды таңдағанда назар аударатын негізгі параметрлер - батареяның қызмет ету мерзімі (46 пайыз), телефонның жады (33 пайыз), камераның сапасы (28 пайыз), қарапайымдылығы (26 пайыз), қуатты әрі жылдам процессорлар (21 пайыз), бренд (21 пайыз), дисплей өлшемі (21 пайыз). Жаңа телефонды таңдауда 5G-ді қолдауы респонденттердің тек 9 пайызына әсер етеді екен.

Айта кетейік, әлемде алғаш рет 5G желісі 2019 жылы іске қосылды және қазір ұялы байланыстың бесінші буынын әлемнің 83 елінде 209 оператор ұсынады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова