Қазақстанда смартфон сату ережелері түбегейлі өзгереді

Қазақстанда смартфон сату ережелері түбегейлі өзгереді
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда міндетті верификациядан өтпеген смартфонды сатып алушылардың құқығын қорғау шаралары күшейтіледі. Мұндай құрылғылар ресми түрде сапасыз тауар деп танылады, ал сатушылар төлем жасалғанға дейін сатып алушыға IMEI кодты көрсетуге міндеттеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мәліметінше, түзету күшіне енгеннен кейін верификациядан өтпеген телефон сапасыз тауар болып есептеледі.

Сатып алушы сатушыдан мына нәрселерді талап ете алады:

  • смартфон құнын төмендету;
  • кемшілікті тегін жою;
  • оны жоюға жұмсалған шығынды өтету;
  • құрылғыны соған ұқсас модельге ауыстыру;
  • бағасын қайта есептеп, басқа телефонға айырбастау;
  • келісімшартты бұзып, ақшаны қайтарып алу.

Мұндай талаптар смартфон сатып алынған сатушыға қойылуға тиіс.

Бұрын сатып алушылар телефон сырттай дұрыс болып көрінгенімен, оның IMEI-коды тексерістен өтпеген жағдайларға тап болатын. Ал иесіне тауар заңды түрде әкелінгенін растау үшін шектеулі уақыт берілетін, содан кейін құрылғы байланыстан ажыратылуы мүмкін еді. Енді верификация жасалмаса, сатылған тауардың кемшілігі ретінде бағаланады.

Сатушыларға қосымша міндет жүктеледі. Олар смартфонды сатпас бұрын сатып алушыға құрылғының мәртебесін өз бетінше тексере алуы үшін сәйкестендіру кодын ұсынуы керек. Сонымен қатар, сатушы IMEI кодты мемлекеттік база арқылы алдын ала тексеріп, смартфон мына талаптарға сай екеніне көз жеткізуге міндетті:

  • бұғатталмаған;
  • шектеуі жоқ;
  • міндетті верификациядан өткен.

Мұндай тексерістен өтпеген телефондарды сатуға тыйым салынады. Бұл талап тек қарапайым дүкендерге ғана емес, электрон саудаға да қатысты. IMEI код қағаз немесе электрон чекте, түбіртекте, техникалық паспортта немесе сатуды растайтын басқа құжатта көрсетілуі қажет.

Айта кетейік, IMEI - ұялы құрылғының бірегей сәйкестендіру коды. Әдетте ол 15 цифрдан тұрады. Код телефонды желіде тануға және оның өндірушісі, моделі мен шыққан тегі туралы мәліметті тексеруге мүмкіндік береді.

Мемлекет IMEI кодтың бар-жоғы мен түпнұсқалығын ғана емес, сонымен қатар, телефон елге заңды жолмен әкелінген-әкелінбегенін де тексереді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget