Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсамбаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жасөспірімдер арасында танымал ресейлік "Слово пацана" сериалына тыйым салу мәселесіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазір бұл сериалға қатысты көптеген ақпарат тарап жатыр. Ресей Федерациясында бірнеше мәлімдеме жасалды. Қазір бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Біз мерзімінен бұрын қорытынды жасағымыз келмейді. Мәселені зерттеп жатырмыз ("Слово пацана" сериалына тыйым салуға қатысты – автор) Біздің министрлік ақпарат министрлігінен бірнеше сарапшыны бұл мәселеге тартты. Мәселені зерттеп жатырмыз. Қажет болса, кейбір шешімдер қабылдануы мүмкін. Қазір дүрбелеңді көріп отырған жоқпыз", - деді Саясат Нұрбек.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсамбаев білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылық болмауы керек деген пікірде.
"Мен және министрлік зорлық-зомбылықтың барлық түріне қарсы. Нөлдік төзімділік болуы керек. Бұл мәселеге қатысты белгілі бір зерттеу бар. Өндіруші ел де (сериалды түсірген мемлекет) бұл мәселені (сериалды көрсетуге тыйым салу мәселесін – автор) қайта қарап жатыр. Сондықтан елімізде және мектепте зорлық-зомбылық болмауы керек", - деді ол.
Сөз соңында министрлер "Слово пацана" сериалын көрмегенін атап өтті.
Айта кетейік, "Слово пацана" сериалында 1980 жылдардың аяғындағы Қазан қаласындағы (Ресей) жастардың өмірі көрсетіледі. Оқиға 14 жастағы Андрей есімді баланың жасөспірімдерден тұратын "Универсам" бандасына кіруіне басталады.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!