Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) сиыр етін экспорттауға, жұмыртқа импортына қатысты және аналық мал басын сақтау туралы шешім қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Картопты экспорттауға тыйым салынбайды
Ішкі нарықтағы баға айтарлықтай тұрақталуын және жеткілікті қор бар екенін ескеріп, картоп экспортына уақытша шектеу енгізу жөнсіз деген шешім қабылданған.
Сиыр етін экспорттаушыларға квота беру талабы жеңілдетіледі
Квота бөлудің қолданыстағы тетігі бойынша кемінде 5 мың басқа арналған жеке бордақылау алаңы мен өзінің ет комбинаты болуы керек. Шешім қабылдау кезінде отырысқа қатысушылар Үкімет бекіткен мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын да назарға алды. Құжат бойынша ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа арттыру, сондай-ақ, экспорттық әлеуетті нығайту және қазақстандық сиыр етін өткізудің жаңа нарығын ашу көзделеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі квота бөлудің қолданыстағы ережесіне өзгеріс енгізеді.
Сонымен қатар, аналық мал басын сақтау және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан ірі қара және ұсақ малдың аналық басын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерге әкетуге тыйым салуды ұзарту туралы шешім қабылданды.
Алты айға дейін тауық жұмыртқасын ЕАЭО елдерінен импорттауға тыйым салынады
Қазір Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның 34-і жұмыртқа, 29-ы ет, 7-еуі асыл тұқым өндіреді. 2025 жылғы қорытынды бойынша тауық жұмыртқасы өндірісі 2,4%-ға, 4 568,5 млн данаға артқан. Ішкі нарықтағы отандық өндіріс - 98%. Тиісті бұйрықты Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова