Қазақстанда шоколад неге қымбаттап жатыр?

Қазақстанда шоколад неге қымбаттап жатыр?
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда шоколад күн санап қымбаттап келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл өнімнің тұтыну бағасы индексі 130,3%-ға жеткен. Яғни былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда шоколад шамамен үштен бірге қымбаттаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Energyprom сарапшыларының айтуынша, шоколад бағасының өсуі бірнеше жылдан бері азық-түлік инфляциясынан әлдеқайда жоғары болып отыр. 2020–2021 жылдары оның құны шамамен 8%-ға өссе, 2022 жылдан бастап баға айтарлықтай жылдам көтеріле бастаған.

Былтыр тұтыну бағасының индексі 129,9% болса, биыл бұл көрсеткіш одан да жоғарылаған. Ең елеулі өсім 2025 жылғы тамыз бен қыркүйекте тіркелді. Сол кезде шоколад бір айдың ішінде тиісінше 3,8% және 4,8%-ға қымбаттаған. Ал 2026 жылғы ақпанда баға тағы 3,3%-ға өсті.

Сарапшылар шоколадтың қымбаттауын елдің импорттық өнімге тәуелділігімен байланыстырады. 2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстан нарығындағы шоколад пен шоколад өнімдерінің шамамен 60%-ы шетелден жеткізілген.

Осы кезеңде елге 58,5 мың тоннадан астам өнім әкелінсе, отандық кәсіпорындар шамамен 39 мың тонна шоколад өндірген. Қазақстандық өндіріс көлемі 14%-ға артқанымен, оның нарықтағы үлесі айтарлықтай өзгермеген.

Қазақстанға шоколадты ең көп жеткізетін ел - Ресей. Жалпы импорттың 74%-ға жуығы осы елге тиесілі.

Алайда ресейлік өндірушілердің өзі де сырттан әкелінетін какао бұршақтарына тәуелді. Өйткені бұл шикізат Ресейде де, Қазақстанда да өсірілмейді. Сондықтан импорттық шикізат бағасының көтерілуі шоколадтың қымбаттауына тікелей әсер етіп отыр.

Биылғы алғашқы бес айда импорттық шоколад бағасының индексі шамамен 40%-ға өскен. Ал ТМД елдерінен жеткізілетін өнімдердің бағасы 43%-дан астам қымбаттаған.

Қазақстандық өндірушілер де шоколад бағасын көтерген. Дегенмен отандық өнімнің қымбаттауы импорттық тауармен салыстырғанда баяу. Маусымдағы мәлімет бойынша, қазақстандық фабрикалар шығаратын шоколад бір жылда 9,2%-ға қымбаттаған.

Сонымен қатар, отандық кәсіпорындар экспорт көлемін арттырып жатыр. 2026 жылдың алғашқы бес айында шетелге шығарылған шоколад көлемі 25%-ға өсіп, 20,1 мың тоннаға жеткен. Ал ішкі нарықтағы сатылым небәрі 10%-ға артты.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстандағы шоколад өндірісі әлі де тұрақсыз. Кейінгі жылдары фабрикалар өнім көлемін бірнеше рет қысқартқан. 2025 жылы өндірістік қуаттарды пайдалану деңгейі ең төменгі көрсеткішке түсіп, 52,2%-ды ғана құрады. Яғни кәсіпорындар өз мүмкіндігінің шамамен жартысын ғана пайдаланған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget