Қазақстанда ШОБ үшін жаңа арнайы салық режимі енгізіледі

Қазақстанда ШОБ үшін жаңа арнайы салық режимі енгізіледі
Фото: depositphotos.com

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бизнеске қатысты Салық кодексінің жобасы аясында жоспарланған өзгерістер туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, салық берешегін мәжбүрлеп өндіру тәсілдері өзгереді.

"Маңызды жаңалық – енді бизнеске тиесілі аз ғана мөлшердегі салық берешегі үшін оның бүкіл қызметі бұғатталмайды", – деді Жұманғарин.


Сондай-ақ, ол шағын және орта бизнеске (ШОБ) арналған арнайы салық режимі туралы айтты.

"Енді бұл режим жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі (СНР) деп аталады. Қазіргі кіріс лимиті – 600 мың АЕК немесе жылына 2,4 миллиард теңге – сол күйінде сақталады. Жұмысшылар санына қатысты шектеулер алынып тасталды. Үкімет бұл режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынды. Негізгі шарт – тек B2C операциялар (яғни, халықпен жұмыс). Ал B2B операциялар (бизнес-бизнеске қызмет көрсету) тек арнайы режим аясында ғана рұқсат етіледі", – деді министр Мәжілістің пленарлық отырысында.


Серік Жұманғариннің нақтылауынша, жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші арнайы режимде жұмыс істейтін кәсіпкерден тауар не қызмет алса, ол шығындарды шегерімге жатқыза алмайды.

"Қызмет түрлерінің саны Үкімет тарапынан реттеледі. Осылайша, үй жанындағы дүкендер, шаштараздар мен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы талаптарға сай болады және олар ҚҚС (Қосылған құн салығы) төлеушіге айналмайды. Бұл үшін алаңдаудың қажеті жоқ", – деп сендірді Жұманғарин.

Еске салайық, бұл мәлімдеме Қазақстанның жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу бойынша Мәжілістегі бірінші оқылым кезінде жасалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет
Logotype Massaget