Мемлекеттік кірістер комитеті шетелдік көздерден қаржыландырылатын тұлғалардың тізілімін жариялауға қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Ведомство мәлімдемені АҚШ-тың USAID ұйымы төңірегіндегі жанжал және оның Қазақстанға ықтимал "әсері" аясында жариялады.
2022 жылы Салық кодексінің 29-бабына өзгеріс енгізілді, оған сәйкес Мемлекеттік кірістер комитеті өзінің интернет-ресурсында шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізілімін жариялайды.
Мәліметтер бекітілген нысан бойынша есепті айдан кейінгі айдың 20-сы күнінен кешіктірілмей www.kgd.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылады.
"Бұл түзету азаматтардың мемлекетке де, үкіметтік емес ұйымдарға да сенімінің деңгейін арттыруға бағытталған", - делінген хабарламада.
2023 жылдың 1-ші жартыжылдығында 239 адам шетелден ақша алу туралы ақпарат берді. 2023 жылдың 2-ші жартыжылдығында 192 азамат бойынша мәліметтер жарияланды. 2024 жылдың 1-ші жартыжылдығында да 192 азамат бойынша мәліметтер жарияланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!