Қазақстанда шетел азаматтарының тұрақты тұруына рұқсат беру қатаңдатылды

Қазақстанда шетелдіктердің тұрақты тұруына рұқсат алу ережесіне өзгерістер енгізілді. Енді олар шетелдік төлқұжатын да өткізуі керек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengritravel.kz-ке сілтеме жасап.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес келтіру мақсатында 2023 жылғы 6 қаңтарда Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен тұрақты тұруға ықтиярхат беру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді шетел азаматтары өздерінің шетелдік төлқұжатын ұсынуы қажет. Оның жарамдылық мерзімі тұрақты тұруға өтініш берген кезде 180 күнтізбелік күннен аз болмауы керек", - делінген хабарламада.

Бұрын ережеде шетелдік мерзімі өткен құжатын өткізсе, оның өтініші қабылданбайтын.

"Уақытша тұруға рұқсат алу үшін тұрғын үй иесінің, одан сенімхат бойынша әрекет ететін адамның жеке келуі не меншік иесінің нотариалды куәландырылған келісімі де қажет. Өзгерістерге сәйкес, рұқсатты рәсімдеу кезінде көрсетілген мекенжайда мекенжайдың тіркеу коды болуға тиіс. Бұл шаралар шетелдіктерді жоқ мекенжайларға, сонымен бірге өтініш берушіге қатысы жоқ мекенжайларға тіркеу мүмкіндігін болдырмау мақсатында қабылданды", - деп түсіндірді ІІМ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!