Қазақстанда шашы ұзын нәресте дүниеге келгені рас па?

Әлеуметтік желілерде Қазақстанда шашы ұзын нәресте дүниеге келгені туралы ақпарат тарады. Бір қызығы, дәл осы хабарлама бірден бірнеше елде танымал болған, соның салдарынан сәби бір мезетте әрі қазақстандық, әрі әзербайжандық, әрі бразилиялық болып "үлгерді", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Factcheck.kz-ке сілтеме жасап.

Қандай да бір елге таңылмаған бұл оқиғаның нұсқасы интернеттің ағылшын, араб, түрік және словак сегменттерінде де кеңінен жайылды. Бұл - мысалдардың бір бөлігі ғана. Жалпы алғанда, "Рапунцель-сәби" туралы жаңалықты ондаған, тіпті жүздеген миллион адам көрді. Көптеген қолданушы мұны ғажайып әрі құдайдың құдыреті деп атап жатыр.

Төменде - Қазнеттен алынған, КТК телеарнасының репортажы ретінде ұсынылған видео. Оның түпнұсқасы шамамен 8,8 млн қаралым жинаған.

@znamenitosti11

♬ News, news, seriousness, tension(1077866) - Lyrebirds music

Factcheck.kz редакциясының мәліметінше, сәбидің видеосы мен фотосуреттері жасанды интеллект көмегімен жасалған, ал оқиға - ойдан шығарылған. Демек, бұл - фейк. 

Айта кетейік, қазақстандық нұсқада хабарламаға сенімділік иллюзиясын беру үшін сюжетке оқиғаға еш қатысы жоқ шынайы фотосуреттер қосылған. КТК репортажына келсек, жүргізушінің сөзі мен ерін қимылы сәйкес келмейтінін байқауға болады: "қажетті мәтіні" бар аудиодипфейк жай ғана үстінен қосылған.

Видеоның бұл бөлігіне телеарнаның 2025 жылғы 10 желтоқсандағы шығарылымы негіз болған. Дәлірек айтсақ, онда жүргізуші Светлана Булатованың Түркістан облысының полициясы қоқыс контейнерінен өлі күйінде табылған жаңа туған нәрестенің анасын іздеп жатқанын хабарлаған видеодан үзінді пайдаланған. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!