- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда Samsung...
Қазақстанда Samsung Galaxy Tab S ресми түрде сатыла бастады
Электроника өнімдерін шығарумен айналысатын оңтүстіккореялық Samsung компаниясы Қазақстанда Galaxy Tab S планшеттерін ресми түрде сатылымға шығарды. Оның АҚШ-тағы тұсау кесері осыдан бір ай бұрын Нью-Йорк қаласында өткен болатын.
Samsung жаңа планшеттің 8,4 және 10,5-дюймдік дисплейі бар екі түрлі нұсқасын ұсынады. Жабдықталған Super AMOLED дисплейі 2560 пиксель көлемінде жұмыс жасай алатын болады. Бірінші моделі 294 грамм, ал екіншісінің салмағы 465 грамм тартады. Ал аппараттың қалыңдығы 6,6 мм.
Samsung компаниясының еліміздегі өкілдерінің айтуына қарағанда жаңа экран қанық түстерді толық сапалы форматта көрсете алады екен. Оған қоса, өзге планшеттерге қарағанда қуаты көпке дейін шыдайтын болады. Осыған дейін компания Super AMOLED технологиясын тек смартфондарда ғана қолданып келген.
Galaxy Tab S планшеттерінің құрылымына тоқталар болсақ, бұл аппарат 8 ядролық Exynos 5 Octa процессорымен және Android 4.4 KitKat операциялық жүйесімен жұмыс жасайды. Оперативті жады 3 ГБ, ал қосалқы жады 16/32 ГБ көлеміндегі түрлерін қолдануға болады. Артқы камерасы 8 мегапиксельмен түсірсе, алдыңғысы 2,1 мегапиксельмен қамтылған. Екі нұсқасы да жуырда таныстырылған Samsung Galaxy S5 смартфонының гамма-ақ және қола түсті түрлеріндегідей түске ие болады. Қуаты 11 сағатқа дейін жететіні ерекше аталып кетті.
Корейлердің әмбебап нәрсе ойлап табуды жөн көретіндіктерінен, олардың аталған жаңа планшеті сізге смартфон болып та, ноутбук болып та қызмет ете алады. Оған пернетақта мен тышқанды қосу арқылы және қарапайым сим картаны жалғау арқылы жүзеге асырылатын болады. Одан бөлек, Samsung Galaxy S5 смартфонының функциясы секілді бармақты сканерлеу арқылы блоктан шығара аласыз.
АҚШ-та Galaxy Tab S планшеттері осы айдың басында сатылымға шыққан болатын. Кіші нұсқасының бағасы 399 АҚШ долларына бағаланса, үлкені одан 100 АҚШ долларына қымбат болып сатылымға шыққан. Ал оның еліміздегі бағасы 119 990 теңгені құрап отыр.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: gizmodo.com
Ж. Өрісбай