Қазақстанда салық саны қысқарады. Бұл туралы вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тиісті нормалар Мәжілісте қаралып жатқан жаңа Салық кодексі жобасына енгізілген.
"Салықтарды, төлемдер мен алымдарды қысқартамыз. 12 салықтың орнына 11 болады. 10 төлемнің екеуін алып тастау ұсынылады: яғни жарнаманы орналастырғаны және лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер. 3 төлемді біріктіру ұсынылады: су ресурстарын пайдалану үшін, орманды пайдалану үшін және жануарлар дүниесін пайдалану үшін төлемдер. Оның орнына табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем болады", - деді министр.
Бұл төлемдердегі мөлшерлеме саны 77-ге дейін қысқарады.
Одан бөлек алымның 6 түрін қысқарту ұсынылып отыр. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алып тасталады.
"Сондай-ақ, мемлекеттік баждың 5 түрі алып тасталады, олар бойынша мөлшерлеме 51-ге дейін қысқарады", - деді Жұманғарин.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова