Қазақстанда робот сот орындаушының көмегімен 226 млн теңге үнемделген

Қазақстанда робот сот орындаушының көмегімен 226 млн теңге үнемделген
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда робот сот орындаушының көмегімен 226 млн теңге үнемделген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биыл 20 тамыздан бастап ҚР Әділет министрлігі іске қосқан робот сот орындаушы бүгінге дейін 907 млн теңге сомаға 45 мыңнан астам атқарушылық іс қозғады. Осының нәтижесінде ел азаматтары жеке сот орындаушыларының қызметіне төленетін төлемнің 25 пайызын төлеуден босатылып, 226 млн теңгесін үнемдеді. Бұл жүйе азаматтарға жыл сайын 5 миллиард теңгеге жуық қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес азаматтардың қарыз жүктемесін азайту және Әділет органдарының жұмысын одан әрі цифрландыру мақсатында заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді.

Айта кетейік, бұрындары жеке тұлғалар хабарлама уақытылы келмегендіктен айыппұл алғанын білмей қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Оның үстіне қарыз уақытында өтелмеген жағдайда жеке сот орындаушысына айыппұл сомасының 25 пайызын қосымша төлеуге мәжбүр болған. Енді бұл шығындардан және сот орындаушыларға барудан босатылып, уақыты мен қаржысын біршама үнемдей алады.

Осылайша, 20 АЕК-ке дейінгі сомада жеңілдетілген іс жүргізуді қозғағаннан кейін азаматтар 1414 нөмірінен SMS-хабарламалар мен EGOV Mobile қосымшасы арқылы іс туралы толық ақпарат бар push-хабарламалар алады.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қарызды онлайн төлеу мүмкіндігі енгізілді. Осылайша, адами факторлар толығымен жойылып, оның орнына робот жұмыс істейді.

Бұл жоба сот орындаушыларымен байланысу қажеттілігін жойып, барлық әрекеттер онлайн режимінде жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар іс жүргізуді тоқтату және қамауға алуды тоқтату үшін түбіртек пен басқа да растайтын құжаттарды көрсетудің қажеті болмайды.

Атқарушылық құжаттың талаптары күнтізбелік 30 күн ішінде орындалмаған жағдайда (оңайлатылған іс жүргізу бойынша) іс жеке сот орындаушысына орындау үшін беріліп, одан кейінгі атқарушылық әрекеттер жалпы тәртіпте жүзеге асырылады.

Сондай-ақ азаматтарға жеке сілтеме бойынша алынған SMS-хабарлама немесе push-хабарлама мәтіні порталында материалды жеке сот орындаушысына беру арқылы оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу процесінен бас тарту функциясы қолжетімді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина