Қазақстанда “Ресей темір жолдарына“ қатысты тергеу басталды

Қазақстанда "Ресей темір жолдарына" қатысты тергеу басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті 2024 жылы және 2025 жылғы қаңтар-ақпан аралығында вагондардың электрон таразыларын метрологиялық қамтамасыз етуге (тексеруге арналған бақылау жүгін ұсыну) жоспардан тыс талдау жүргізуді аяқтады.

Агенттік мәліметінше, талдау жүргізуге Agrimer Mamlutka ЖШС-нің Оңтүстік Орал темір жолы филиалы тарапынан метрологиялық қызмет көрсету бағасы өсуіне қатысты жолдаған өтініші себеп болған.

"Қаңтардан бастап "Ресей темір жолдар" ААҚ филиалы қызмет құнын 9,5%-ға арттырып, ҚҚС-ны есепке алғанда 845 261,76 теңгеге дейін көтерген. Қазақстанның басқа өңірлерінде осыған ұқсас қызметтің құны шамамен 391 000 теңге тұрған", - деп жазылған хабарламада.

Талдау нәтижелері бойынша бәсекелестік туралы заңнама бұзылғаны анықталды. Осыған байланысты монополияға қарсы орган тергеп-тексеруді бастады. Оның мерзімі 3 айдан 5 айға дейінгі аралықты қамтиды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!