Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кулуарда журналистердің сұрағына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі baq.kz басылымына сілтеме жасап.
"Украина мен Ресей арасында соғыс болып жатыр. Оны сіз білесіз. Қазақстандықтарды Ресей пропагандасынан қалай қорғаймыз? Ресейлік телеарналары шектеу қою керек пе? Бүгінде Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қалай қорғауға болады?" - деп журналистердің бірі министрден сұрады.
Дархан Қыдырәлі ақпараттық қауіпсіздік - басым бағыттың бірі екенін атап өтті.
"Бірақ біз оларды тек соттың үкімімен шектей аламыз. Осыған байланысты азаматтарымыздың шағымы мен сот үкімі болса, біз оны орындаймыз. Заң бұзылған жағдайда соттың шешімі болса, біз оны орындаймыз. Қазір жалпы мониторинг жасап отырмыз. Бұған қатысты көптеген мәселе Сыртқы істер министрлігінің құзыретінде", - деп жауап берді Дархан Қыдырәлі.
Министр Қазақстан азаматтарының дұрыс ақпарат алуы маңызды екенін айтады.
"Жалпы қазір азаматтардың пікірін көріп отырмыз. Мониторинг жүргізіп жатырмыз. Ал шектеуді соттың шешімі болса, қарастырамыз", - деп толықтырды ол сөзін кулуарда.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!