Қазақстанда рэкетирлер ұсталды

Қазақстанда рэкетирлер ұсталды
Фото: Polisia.kz

Қазақстанда бопсалаумен айналысқан 20-дан астам жастар тобы ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

ІІМ жастар арасындағы бопсалау деректерін анықтап, олардың алдын алуды ерекше бақылауда ұстайды. Осы жылы полиция қызметкерлері бопсалаудың 400-ден астам дерегін тіркеген, оның 39-ы мектептер мен колледждерде жасалған.

Жыл басынан бері бопсалаумен айналысатын 23 жастар құрған топтың әрекетіне тосқауыл қойылған.

Мәселен, қыркүйекте Ақтөбе қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері колледждің кәмелетке толмаған студентін ұстады. Ол 15 жастағы жасөспірімнен 50 мың теңге көлемінде ақша бопсалаған. Күдікті құрықталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Жамбыл облысында жасөспірім жеке деректерді таратамын деп қорқыту арқылы өз қатарластарынан ақша бопсалаған. Осындай 8 факт тіркеліп, қылмыстық іс сотқа жіберілді. Петропавл қаласында полиция қызметкерлері жастар тобының мүшелерін ұстады. Олар зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы жәбірленушілерді қарыз рәсімдеуге мәжбүрлеп, кейіннен оны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Күдіктілер қамауға алынды".

Естеріңізге сала кетейік, қылмыстың бұл түрі үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина