Орталық референдум комиссиясы барлық референдум учаскесінде дауыс беру аяқталғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Учаскелік комиссиялар дауыстарды санауға кірісті. Қолданыстағы нормаларға сәйкес референдум учаскелерiнде дауыстарды санау уақыты дауыстарды санау басталған сәттен бастап он екі сағаттан аспауға тиiс. Аумақтық комиссиялар Орталық референдум комиссиясына электрон байланыс арналары арқылы дауыс беру мен есептеудің алдын ала нәтижесі туралы мәлімет ұсынады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың аумақтық комиссиялары ұсынған дерекке сәйкес сағат 20.00-дегі жағдай бойынша азаматтар мынадай көлемде келген:
- Абай облысы 75,45 пайыз;
- Ақмола облысы 79,82 пайыз;
- Ақтөбе облысы 87,05 пайыз;
- Алматы облысы 71,46 пайыз;
- Атырау облысы 74,04 пайыз;
- Батыс Қазақстан облысы 68,94 пайыз;
- Жамбыл облысы 85,06 пайыз;
- Жетісу облысы 78,49 пайыз;
- Қарағанды облысы 84,30 пайыз;
- Қостанай облысы 81,21 пайыз;
- Қызылорда облысы 93,04 пайыз;
- Маңғыстау облысы 77,89 пайыз;
- Павлодар облысы 75,51 пайыз;
- Солтүстік Қазақстан облысы 70,52 пайыз;
- Түркістан облысы 84,03 пайыз;
- Ұлытау облысы 73,15 пайыз;
- Шығыс Қазақстан облысы 86,42 пайыз;
- Астана қаласы 60,36 пайыз;
- Алматы қаласы 33,43 пайыз;
- Шымкент қаласы 75,82 пайыз.
Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 9 126 850 азамат бюллетень алған. Бұл - тізімге енгізілген азаматтардың 73,24 пайызы.
Референдумның қорытындысы 21 наурызға дейін жарияланады.
Жаңа Конституцияға байланысты референдум
Еске салайық, 2026 жылы 11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.
Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды.
2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған.
Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова