Қазақстанда ірі лауазым иелерінің “ұмыт қалған“ жерлері кімнің мүддесін қорғап отыр?

Миллиондаған гектар жер иесіз жатқанда, әкімдіктер мен мемлекеттік органдар бұған көз жұма қараған. Мәжіліс депутатының айтуынша, жер телімдерін заңсыз беру, лобби мен жемқорлық – елдегі жер және құрылыс саласындағы басты дерт. Massaget.tv арнасына эксклюзивті сұхбат берген Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек жауапты шенеуніктердің әрекетін ашық әшкерелеп, әділетті Қазақстан ұранымен жүріп жатқан реформалардың алдында қандай кедергілер тұрғанын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда республикалық жер комиссиясы арқылы мемлекет меншігіне 12-13 миллион гектар жер қайтарылған. Алайда бұл көрсеткіш шын мәнінде 20, тіпті 30 миллион гектарға дейін жетуі мүмкін. Себебі әкімдіктер тарапынан заңсыз жер бөлу әрекеттері әлі де жалғасып келеді.

"Мысалы, Алакөл ауданында 2016 жылдан бері демалыс орындары мен қонақүйлерге деп берілген 350 жер телімі пайдаланылмай жатыр. Бірақ аудандық жер бөлімі бұл ақпаратты жасырып келген. Қажет десеңіз, жер ресурстарын басқару департаментінің өзі бұл жағдайдан хабарсыз болған. Бұл ақылға қонбайды. Демек, мұнда лобби бар немесе жемқорлық фактісі жасырынған", – деді депутат.

Сондай-ақ ол Жетісу және Сарқан аудандарында бұрынғы Премьер-министр Сергей Терещенкоға тиесілі ірі көлемдегі жер телімдерінің игерілмей жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жерлерді туыстары пайдаланып отыр, ал нақты иесі заң алдында жауап бермей келеді.

"Егер заң қарапайым азаматқа жүріп, әкімдер мен бұрынғы лауазымды шенеуніктерге жүрмейтін болса, әділетті Қазақстан дегеніміз не болды? Біз Алматы қаласында бұрынғы ҰҚК төрағасы Нартай Әбіқаевтың туыстарына тиесілі жерлерді де тексеріп жатырмыз. Заң мен сот алдында бәрі тең болуы тиіс", – деді ол.

Құрылыс саласындағы көлеңкелі схемалар

Депутат сондай-ақ құрылыс секторындағы салықтан жалтару схемаларына да тоқталды. Оның айтуынша, заңдағы бос кеңістіктер кейбір құрылыс компанияларына заңды айналып өтіп, табысты жасыруға жол ашқан.

"Бұрын пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алуға болатын. Бұл құрылыс компанияларына салықтан жалтаруға мүмкіндік берді. Біз бұл жүйені түбегейлі өзгертіп жатырмыз. Енді, заң қабылданған соң, барлық сатып алу-сату мәмілелері банк арқылы жүргізілуі тиіс. Бұл салық органдарына толық ақпарат алуға мүмкіндік береді", – деді депутат.

Ол сондай-ақ 2001 жылдан бері құрылыс секторына берілген қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату жеңілдігі де үй бағасының күрт өсуіне себеп болғанын айтты.

"2024 жылы ҚҚС қайта енгізілді. 23 жыл бойы бұл жеңілдікті сақтау – лоббидің, яғни Үкіметтегі ықпалды тұлғалардың мүддесінің нәтижесі болды. Соның кесірінен құрылыс саласы арзан салықпен жұмыс істеп, пәтер бағасын қолдан көтеріп отырды", – деді ол.

Депутаттың айтуынша, жер мен құрылыс саласындағы осындай былықтар халық сенімін әлсіретіп, әділет принциптеріне сызат түсіреді. Сондықтан бұл салаларға тек заң өзгерістері емес, саяси жігер мен нақты бақылау қажет.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!